Президент Жолдауынан нақты істерге: Премьер Бектенов Үкіметке жүктелген міндеттерді белгіледі

Бүгін, 11:15 / Альфия Адамбек
Фото: Үкімет

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында айтылған бастамаларды жүзеге асыру үшін нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеу қажеттігін мәлімдеді. Үкімет басшысы ел экономикасын жаңғырту мен халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған міндеттерге тоқталды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Олжас Бектенов Президенттің «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауы ел дамуының алдағы бағытын айқындайтын маңызды құжат екенін атап өтті.

Премьер-министрдің айтуынша, Мемлекет басшысы Әділетті, Күшті, Таза және Озық Қазақстан құруды басты мақсат ретінде белгілеп отыр. Бұл міндетке қол жеткізу үшін еліміздің экономикалық әлеуетін барынша тиімді пайдаланып, заманауи технологиялар мен инновациялық мүмкіндіктерді кеңінен қолдану қажет.

Үкімет басшысы Президент жариялаған «Халықтық құрылыс» бағдарламасының маңызына да тоқталды. Оның сөзінше, ауқымды бастама экономиканың барлық саласында инфрақұрылымды жаңғыртуға және жүйелі реформалар жүргізуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар бағдарлама жаңа жұмыс орындарын ашуға, халықты жұмыспен қамту деңгейін көтеруге және азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған.

«Бұл Жолдау – алдағы кезеңге арналған мазмұндық тұрғыдан ең ауқымды бағдарламалық құжат. Оны жүзеге асыру үшін нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеуіміз керек», – деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр Жолдауда белгіленген мақсаттарды нақты нәтижеге айналдыру үшін Үкіметтің жүйелі жұмыс жүргізуі қажет екенін жеткізді. Осыған байланысты мемлекеттік органдардың алдында Президент бастамаларын іске асыруға бағытталған іс-шараларды жоспарлау міндеті тұр.

Тэгтер:

президент жолдау Олжас Бектенов