Каппадокияда туристер баратын әйгілі жартас құлады: Үш адам қаза тапты

Бүгін, 11:41 / Ахмет Қанатұлы
Фото: x.com/lale_haber

Түркияның танымал туристік аймағы Каппадокияда алып жартастың бір бөлігі опырылып, үш адам қаза тапты. Тағы бес адам жарақат алған. Қайғылы оқиғаға толассыз жауған жаңбырдан кейінгі жер көшкіні себеп болған, деп хабарлайды Arasha.kz.

Оқиға 29 қазанда Түркияның Невшехир провинциясына қарасты Гөреме елді мекенінде болған.

Жергілікті уақыт бойынша сағат 15:15 шамасында Гөреме ашық аспан астындағы музейінің кіреберісіне жақын орналасқан табиғи жартас опырылған. Каппадокияның басты көрікті жерлерінің бірі саналатын мұндай ерекше тас құрылымдар «сиқырлы мұржалар» деген атаумен белгілі. Алдын ала мәлімет бойынша, бірнеше күнгі жауын-шашыннан кейін топырақ қозғалып, жартастың ірі бөліктері адамдар жүрген аумаққа құлаған.

Апат туралы хабар түскен бойда оқиға орнына полиция, жандармерия, медициналық қызметкерлер және AFAD құтқару агенттігінің мамандары жіберілген. Құтқарушылар алғашқы тексеру кезінде екі адамның денесін тапқан. Кейін үйінді астынан тағы бір адамның мәйіті шығарылып, қаза тапқандар саны үшке жетті. Сонымен қатар бес адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.

Түркияның Demirören ақпарат агенттігінің мәліметінше, қаза тапқандардың екеуі Түркия азаматы, ал үшіншісі шетелдік турист болған. Шетелдік азаматтың 37 жастағы Синтия Франсин есімді әйел екені хабарланды. Невшехир губернаторы Хусейн Көк зардап шеккендердің жағдайы туралы ақпарат берді. Оның айтуынша, ауруханаға жеткізілген бес адамның төртеуі медициналық көмек алғаннан кейін үйлеріне шығарылған. Ал жамбас сүйегі сынған бір адам ем қабылдауды жалғастырып жатыр.

Тэгтер:

Каппадокия