"Балалар терезеден жалаңаяқ қашып шықты": Астанада көпбалалы отбасы баспанасыз қалды

Бүгін, 12:37 / Ахмет Қанатұлы
Видеодан кадр: Astana TV

Астанада түн ортасында шыққан өрт төрт баласы бар отбасын баспанасыз қалдырды. Үй ішін жалын шарпыған кезде балалар ұйықтап жатқан. Қауіпті алғаш байқаған алты жасар бала үлкендерді оятып, отбасы мүшелері терезе арқылы сыртқа шығып үлгерген, деп хабарлайды Arasha.kz.

Қайғылы жағдайға ұласа жаздаған оқиға елордадағы Керегетас көшесінде орналасқан тұрғын үйде болған. Өрт шыққан сәтте үйдегі адамдардың барлығы дерлік ұйықтап жатқан. Алты жастағы бала оянып, үй ішінен шыққан өртті байқап, үлкендерге хабар берген. Отбасы мүшелері қауіпсіз жерге шығуға асыққан. Балалар терезе арқылы жалаңаяқ, сырт киімсіз қашып шыққан.

Үй иесі Айнұр Наниеваның айтуынша, жалынның тез таралуынан баспанадағы дүние-мүлікті сақтап қалу мүмкін болмаған.

"Өрт пештің кесірінен шыққан болуы мүмкін. Пештен заттар өртене бастаған көрінеді. Бұл кезде бәрі ұйықтап жатқан. Салдарынан от лезде лап ете түсті", – дейді әйел.

Оның сөзінше, өрт сөндірушілер жеткенше баспананың басым бөлігін жалын шарпып үлгерген. Төрт баланың киімдері, мектепке қажетті заттары және отбасының күнделікті тұрмыста пайдаланатын мүліктері өртеніп кеткен.

"Біздің қазіргі басты проблемамыз – үйді қалпына келтіру. Жөндеу жұмыстарына қаражатымыз жоқ. Үй толығымен жанып кетті, ештеңе қалмады. Тіпті балалардың киімі де – күнделікті киетіні де, мектептікі де сақталмады", – деді Айнұр Наниева.

Қазіргі уақытта отбасы уақытша туыстарының үйін паналап жүр.

Астана қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Нұргүл Нұрғалиеваның мәліметінше, өрт едәуір аумаққа таралған. Құтқарушылар оқиға орнына келгенде барақ үлгісіндегі тұрғын үйдің шатыры, қазандық пен төрт шаруашылық құрылысы жанып жатқан. Жалын көрші үйдің шатырына да жеткен.

"Өрттің жалпы аумағы 270 шаршы метрді құрады. Өртті сөндіру барысында өрт сөндірушілер 15 газ баллонын шығарды. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ", – деді ТЖД өкілі.

Абырой болғанда, оқиға кезінде ешкім жарақат алмаған. Алайда бірнеше отбасының баспанасы зақымданған. Зардап шеккен тұрғындардың арасында зейнеткерлер мен мүгедектігі бар азаматтар да бар. Олар баспаналарын өз қаражатымен қалпына келтіруге мүмкіндігі жоқ екенін жеткізген.

Астана қаласы әкімдігінің мәліметінше, Керегетас көшесіндегі №46 үй 2027 жылы бұзу жоспарланған тұрғын үйлер тізіміне енгізілген. Бұзу бағдарламасы аясында меншік иелеріне қазіргі баспаналарының орнына жаңа тұрғын үй беру қарастырылған. Дегенмен зардап шеккен отбасылардың оған дейін қайда тұратыны әзірге белгісіз.

Тэгтер:

Астана баспана өрт отбасы