"Бәрімізге пайдасын тигізер еді": Тоқаев Ресейді Түркі мемлекеттері ұйымына шақыруды ұсынды

Бүгін, 15:32 / Ахмет Қанатұлы
Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің Түркі мемлекеттері ұйымының жұмысына қатысу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Мемлекет басшысы Ресейдің ұйымға бақылаушы ретінде қосылуы немесе арнайы ынтымақтастық форматына қатысуы барлық тарап үшін тиімді болатынын айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев 30 қазанда Түркия астанасы Анкарада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитінде мәлімдеді.

Президент ұйымның халықаралық беделін арттыру және өзге елдермен ынтымақтастықты кеңейту мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, бұл бағытта "Түркі мемлекеттері ұйымы +" форматын тиімді пайдалану маңызды.

"Ұйымымыздың беделін арттыру үшін Ресейдің ниетіне оң пікірімізді білдіріп, бұл елді осы форматқа қосылуға немесе ұйымға бақылаушы ретінде қатысуға шақырсақ, дұрыс әрі әділетті шешім болар еді", – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы бұл ұсынысын Ресей мен түркі халықтары арасындағы тарихи және мәдени байланыстармен түсіндірді. Оның сөзінше, Ресей аумағында тарихи тұрғыдан қалыптасқан түркі халықтары көп. Сондай-ақ екі тараптың ғасырлар бойғы мәдени және тілдік байланыстары бар.

"Өйткені Ресей ірі мемлекет ретінде көне заманнан бері түркі әлемімен тығыз байланыста болған. Бұл елде тарихи мекенін тапқан түркі халықтары көп", – деді Президент.

Тоқаев Ресейде дәріптеліп жатқан "Алтай өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі" тұжырымдамасына да тоқталды. Ол Қазақстанның аталған тарихи-мәдени тұжырымдаманы қолдайтынын атап өтті. Сонымен қатар Президент орыс тілінде түркі тілдерінен енген сөздер аз емес екенін айтып, халықтар арасындағы ортақ тарихи тамырларға назар аударды.

"Жалпы, Ресей түркі елдерінің, яғни біздің ұйымның бір бөлігі болса, бәрімізге пайдасын тигізер еді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тэгтер:

Қасым-Жомарт Тоқаев