Алматыда зейнеткер пәтерін қоқысқа толтырған: Көршілері сотқа жүгінбек

Бүгін, 14:56 / Ахмет Қанатұлы
видеодан скриншот

Алматыда көпқабатты үйдің тұрғындары бірнеше жылдан бері көршісінің пәтеріне жинаған қоқысынан зардап шегіп отырғандарын айтып, дабыл қақты. Олардың сөзінше, зейнеткер әйел үйіне тамақ қалдықтарын, бөтелкелер мен ескі заттарды үздіксіз тасиды. Мәселені өзара шеше алмаған тұрғындар енді сотқа жүгінуге дайын, деп хабарлайды Arasha.kz.

Оқиға Алматы қаласының орталығындағы бес қабатты тұрғын үйде болған. Тұрғындардың айтуынша, бірінші қабаттағы бір бөлмелі пәтер бірнеше жылдан бері түрлі қоқысқа толып қалған.

Үйдің терезесінен ескі ыдыстарды, бөтелкелерді, полиэтилен пакеттерді және жиналған тұрмыстық қалдықтарды көруге болады. Көршілері пәтерде су мен электр жарығы жоқ екенін айтып, санитариялық жағдайға алаңдаушылық білдірген.

Тұрғындар зейнеткермен бірнеше рет сөйлесіп, үйін тазалауды сұраған. Алайда олардың айтуынша, бұл әрекеттер нәтиже бермеген. Керісінше, көршілер әйелдің ескертулерге ашуланып, есіктерінің алдына қоқыс пен өлген құстарды қалдыратынын мәлімдеген. Үй тұрғыны Татьяна Герасименко қалыптасқан жағдайды былай сипаттады:

"Онымен келісу мүмкін емес. Біз сөйлескеннен кейін келесі күні есігіміздің алдына өлі құстарды, көгершіндерді немесе қоқыс салынған қораптарды тастап кететін. Түнде терезені ашып желдетейін десең, олар дәретке де солай барады. Өйткені пәтерінде жарық та, су да жоқ. Бәрін бөтелкеге немесе пакетке салып, терезеден лақтырады", – деді ол КТК телеарнасына.

Көршілердің сөзінше, мұндай жағдай тұрғын үйдегі тазалыққа ғана емес, адамдардың күнделікті тұрмысына да әсер етіп отыр.

Үй тұрғындарын алаңдататын тағы бір мәселе – өрт қауіпсіздігі. Олардың айтуынша, аталған пәтерде бұрын өрт болған. Сондықтан жиналған ескі заттар мен тұрмыстық қалдықтар тағы да қауіпті жағдай тудыруы мүмкін деп қауіптенеді.

Көршісі Марина Копылева бұрын болған оқиғаны еске алып, зейнеткердің отбасымен тіл табысудың да қиын екенін жеткізді. Тұрғындардың мәліметінше, әйелдің үш баласы бар. Алайда қыздары онымен араласпайды, ал ересек ұлымен сөйлесу де мәселені шешуге көмектеспеген.

Бұл мәліметтердің барлығы көршілердің айтуына негізделген.

Мәселені шешу үшін тұрғындар полицияға арыз жазып, жергілікті әкімдіктен де көмек сұраған. Алайда тиісті қызмет өкілдері пәтер иесінің келісімінсіз жеке тұрғын үйге кіре алмайтындарын түсіндірген.

Заңгерлердің айтуынша, мұндай жағдайда тұрғындар өз құқықтарын сот арқылы қорғай алады. Адвокат Гаухар Сәлімбекова көршілерге ұжымдық талап-арыз беруге кеңес берді.

"Олар осы үйдің барлық тұрғынының мүддесі үшін азаматтық сотқа талап-арыз бере алады. Соттан жауапкерді өз күшімен және өз қаражаты есебінен жиналған қоқысты шығаруға міндеттеуді сұрау қажет. Шешім заңды күшіне енгеннен кейін оны сот орындаушысы мәжбүрлеп орындата алады", – деді заңгер.

Тэгтер:

алматы пәтер қоқыс