"Канело" Альварес әлем чемпионы атағын қайтарып алды

Бүгін, 17:53 / Ахмет Қанатұлы
Фото: Fayez NURELDINE / AFP via Getty Images

Мексикалық танымал боксшы Сауль «Канело» Альварес кәсіпқой рингке жеңіспен оралып, WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағын қайта иеленді. Ол Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядта өткен бокс кешінде франциялық Кристиан Мбиллиді жеңді, деп хабарлайды Arasha.kz.

31 қазанда өткен бокс кешінің басты жекпе-жегінде екі спортшы екінші орта салмақтағы (76,2 келіге дейін) WBC чемпиондық белбеуіне таласты.

Жекпе-жек алдында бұл атақ Кристиан Мбиллиге тиесілі болатын. Франциялық боксшы бұған дейін кәсіпқой рингте бірде-бір рет жеңіліп көрмеген.

Алайда тәжірибелі мексикалық спортшы қарсыласынан басым түсіп, әлем чемпионы мәртебесін қайтарып алды.

Альварес пен Мбилли арасындағы кездесу белгіленген 12 раундтың барлығына созылды.

Франциялық боксшы алғашқы раундтарда белсенді шабуыл жасауға тырысқанымен, «Канело» қарсы соққыларын дәл тигізіп, жекпе-жек тізгінін біртіндеп өз қолына алды.

Сегізінші раундта Мбилли қарсыласының желке тұсынан соққы жасағаны үшін бір ұпайынан айырылды.

Нәтижесінде төрешілер жеңісті бірауыздан Сауль Альвареске берді.

Төрешілер есебі – 116:111, 117:110 және 115:112.

Осылайша, мексикалық боксшы WBC чемпиондық белбеуін қайта иеленді.

Еске сала кетейік, 2025 жылдың қыркүйегінде Сауль Альварес америкалық Теренс Кроуфордтан жеңіліп, екінші орта салмақтағы абсолют чемпион мәртебесінен айырылған болатын.

Сол кездесуде Кроуфорд мексикалық боксшыны төрешілер шешімімен жеңіп, төрт негізгі бокс ұйымының чемпиондық белбеулерін иеленген еді.

Кейін америкалық боксшы спорттық мансабын аяқтаған соң, WBC титулы Кристиан Мбиллиге берілді.

Ал Эр-Риядта өткен кездесуде Альварес осы чемпиондық белбеуді қайтарып алды.

Мбилли кәсіпқой рингте алғаш рет жеңілді

36 жастағы Сауль Альварес үшін бұл кәсіпқой мансабындағы 64-жеңіс болды.

Оның еншісінде 64 жеңіс, үш жеңіліс және екі тең нәтиже бар. Жеңістерінің 39-ын нокаутпен аяқтаған.

Ал 31 жастағы Кристиан Мбилли кәсіпқой бокста алғаш рет жеңіліске ұшырады.

Франциялық спортшы бұған дейін 29 жекпе-жекте жеңіске жетіп, бір кездесуді тең аяқтаған болатын.