Еркін күрес шебері Нұрқожа Қайпанов әлем чемпионатының алтыны үшін күреседі

Бүгін, 18:09 / Ахмет Қанатұлы
Фото: ҰОК / Сали Сабиров

Бүгін, 1 қарашада қазақстандық балуан Нұрқожа Қайпанов Астанада өтіп жатқан күрестен әлем чемпионатының финалында өнер көрсетеді. Отандасымыз алтын медаль үшін ресейлік Иналбек Шериевпен белдеседі, деп хабарлайды Arasha.kz.

Еркін күрестен 74 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсетін Нұрқожа Қайпанов Қазақстан құрамасынан әлем біріншілігінің финалына шыққан алғашқы спортшы атанды.

Шешуші белдесу 1 қараша күні Қазақстан уақытымен сағат 18:59-да басталады деп жоспарланған.Кездесуді Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді. Сондай-ақ жанкүйерлер финалды Qazsport-тың ресми сайтынан онлайн тамашалай алады.

Нұрқожа Қайпанов финалға қалай жетті?

Қазақстандық балуан шешуші белдесуге дейін төрт қарсыласын жеңді.

Алғашқы айналымда Қайпанов Косово өкілі Эгзон Джониді 10:0 есебімен ұтты. Одан кейін Әзербайжан спортшысы Туран Байрамовпен кездесіп, 4:0 есебімен басым түсті.

Келесі белдесуде Тәжікстан атынан өнер көрсететін Виктор Рассадинді 11:0 есебімен жеңді.

Ал жартылай финалда жапониялық Ёсиносукэ Аоягимен кездескен отандасымыз 3:1 есебімен жеңіске жетіп, алтын медаль үшін күресуге мүмкіндік алды.

Қайпанов екінші рет әлем чемпионы атануы мүмкін

Нұрқожа Қайпанов – Қазақстанның тәжірибелі балуандарының бірі. Ол 2024 жылы әлем чемпионы атанып, ел қоржынына алтын медаль салған болатын.

Сонымен қатар 2019 жылғы әлем чемпионатында күміс, ал 2025 жылғы әлем біріншілігінде қола жүлде иеленген.

Қазақстандық спортшы Азия чемпионаттарында да жоғары нәтижелер көрсеткен. Ол 2019, 2021 және 2025 жылдары құрлық чемпионы атанды.

Енді Нұрқожа Қайпанов Астанадағы әлем чемпионатында екінші мәрте топ жаруға мүмкіндік алып отыр.

Оның финалдағы қарсыласы Иналбек Шериев те алтын медаль үшін белдесуге жолдама алған. Екі балуан арасындағы шешуші кездесудің жеңімпазы 74 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанады.

Финал бүгін, 1 қарашада сағат 18:59-да басталады. Тікелей эфир – Qazsport телеарнасында.

Тэгтер:

күрес Нұрқожа Қайпанов