Ерлан Қарин Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа қатысты дауға жауап берді

Бүгін, 21:16 / Ахмет Қанатұлы

Қазақстан Республикасы Вице-президенті Ерлан Қарин 2026 жылғы Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықтың биыл ешбір үміткерге берілмеу себебін түсіндірді. Комиссия төрағасының айтуынша, конкурсқа ұсынылған туындылардың ешқайсысы дауыс беру барысында комиссия мүшелерінің басым қолдауына ие болмаған. Ол бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасындажазып, мемлекеттік сыйлықты беру тәртібіне түбегейлі өзгерістер енгізілетінін мәлімдеді.

"2026 жылғы Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықты беру жөніндегі комиссияның соңғы шешімі туралы сол Комиссияның төрағасы ретінде түсініктеме бере кетейін.

Біріншіден, конкурсқа түскен үміткерлердің барлығын сыйлаймыз, құрметтейміз. Олар төл руханияттың дамуына үлкен үлес қосып келе жатқан белгілі тұлғалар. Өзім де бірқатарын жеке танимын. Бірақ Мемлекеттік сыйлық – тұлғаға емес, туындыға берілетін сыйлық. Осының аражігін ажыратып алған дұрыс. Атақты біреуге ұнау немесе жағу үшін, ренжіп қалмасын деген себеппен беретін болсақ, өнер одан дамымайды, бұл атақтың мәртебесі артпайды.

Екіншіден, бәріміз тәртіпке бағынуымыз қажет. Ұсынылған туындылардың барлығы дауысқа салынды. Бірақ дауыс беру қорытындысы бойынша бірде-бір жұмыс Комиссия мүшелерінің айқын басым дауысына ие бола алған жоқ. Керісінше, жұмыстарды қолдамағандар мен қалыс қалғандардың үлесі басым болды. Мысалы, 2023 жылы гуманитарлық ғылымдар саласындағы А.Байтұрсынұлы атындағы мемлекеттік сыйлық лайықты жұмыстардың жоқтығына байланысты берілген жоқ. Сондықтан конкурс болғасын оның нәтижесі де әртүрлі болуы мүмкін, оны дұрыс қабылдау керек.

Үшіншіден, отырыстың соңында Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа тұтастай реформа керек екені айтылды. Бұл пікірді кешелі бері желі қолданушылары да қолдап жазуда. Шынында да, мемлекеттік сыйлықты беру тәртібі қазіргі кезеңнің талаптарына сәйкес келмейді. Сыйлықтың талап, тәртібі ғана емес, мазмұны мен сипаты да өзгеруі керек. Мысалы, әлемдегі ең беделді Нобель сыйлығы 50 не 70 жасқа толғаны үшін емес, жаңалық пен жаңашылдық үшін беріледі. Сол сияқты Абай атындағы мемлекеттік сыйлықты мерейтой иесіне, үміткердің материалдық жағдайына және басқадай себептерге байланысты ұсыну жалпы дұрыс емес. Сондықтан, мемлекеттік сыйлық тәртібі мен ережесіне үлкен өзгеріс енгіземіз.

2000 жылдардан бері қарай есептесек, Абай атындағы мемлекеттік сыйлық 60-қа жуық адамға берілген екен. Демек, шығармашылық саланың осыншама өкіліне мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілді деген сөз. Оның үстіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен мемлекеттік сыйлық иегерлеріне берілетін қаражат артты. Демек, беделді сыйлыққа ұсынылатын туындылар да осыған лайық болуы шарт", – деп жазды Ерлан Қарин.