14 сарбаздың қазасы: Олжас Бектенов әскердегі жүйелі кемшіліктерді жариялады

Бүгін, 10:47 / Ахмет Қанатұлы
Олжас Бектенов. Фото: t.me/KZgovernment

Маңғыстау облысында 14 әскери қызметшінің өмірін қиған қайғылы оқиғадан кейін Қорғаныс министрлігінде жүргізілген кешенді тексеру нәтижелері белгілі болды. Премьер-министр Олжас Бектенов әскери оқу-жаттығулар кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуде бірқатар жүйелі кемшілік анықталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Үкімет басшысы бұл туралы Құрылтай депутаттарының 2026 жылғы 1 қазанда жолдаған сауалына берген жазбаша жауабында айтты.

Оның мәліметінше, Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиға әскери жаттығуларды жоспарлау мен өткізу кезінде қауіпсіздік талаптарының тиісті деңгейде сақталмағанын көрсетті.

Әскери жаттығуларда қандай кемшіліктер анықталды?

Премьер-министрдің жауабында Қорғаныс министрлігіне жүргізілген кешенді тексеру барысында оқу-жаттығуларды бақылау, ықтимал қауіптерді бағалау және төтенше жағдайларда жедел әрекет ету мәселелерінде олқылықтар болғаны көрсетілген.

"Қорғаныс министрлігін кешенді тексеру нәтижесінде оқу-жаттығулар барысын бақылауды ұйымдастыруда, ықтимал тәуекелдерді бағалауда және жағдай өзгерген кезде жедел ден қоюға дайындықта кемшіліктер бар екені анықталды", – делінген Олжас Бектеновтің жауабында.

Атап айтқанда, қауіпті факторларға жеткілікті назар аударылмаған. Сондай-ақ қауіпсіздік талаптарының сақталуына тиісті бақылау жасалмаған.

Бұдан бөлек, жағдай күрделенген кезде әскери жаттығулардың қауіпті кезеңдерін дер кезінде тоқтату туралы шешімдердің қабылдануын бақылауда кемшіліктер анықталған.

Әскери реформа жүргізіледі

Олжас Бектенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Әскери реформа жоспарының жобасы әзірленгенін хабарлады.

Жоспар әскери басқару жүйесін жетілдіруге және оқу-жаттығулар кезіндегі қауіпсіздік талаптарын күшейтуге бағытталған. Атап айтқанда, әскери жаттығуларды жоспарлаудың бірыңғай тәртібін қалыптастыру және әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын қорғауға басымдық беру көзделіп отыр.

Үкімет басшысы Қарулы күштерде әуеден бақылау жүргізуге арналған ұшқышсыз жүйелер қолданылатынын да атап өтті. Ал күштік құрылымдардың кейбір бөлімшелерінде әскери қызметшілердің орналасқан жері мен физиологиялық жағдайын бақылауға мүмкіндік беретін жеке құрылғылар пайдаланылады.

Ауа райына қатысты ескертулер беріліп отырған

Премьер-министрдің мәліметінше, күштік мемлекеттік органдар "Қазгидрометпен" тұрақты байланыс орнатқан.

Осы өзара іс-қимыл аясында әскери құрылымдарға ауа райының ықтимал өзгерістері мен дауылды ескертулер туралы мәліметтер беріліп отырады. Алайда Маңғыстауда болған оқиға оқу-жаттығуларды ұйымдастыруда қосымша қауіпсіздік шараларын қабылдау қажеттігін көрсетті.

Каспий теңізінде 14 әскери қызметші қаза тапқан

Еске салайық, 2026 жылғы 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде қайғылы жағдай болды.

Каспий теңізінде тапсырма орындап жүрген әскери қызметшілерді ауа райы күрт нашарлаған кезде теңіз ағысы алып кеткен. Салдарынан 14 әскери қызметші қаза тапты.

Оқиғадан кейін қылмыстық іс қозғалып, арнайы үкіметтік комиссия құрылды. Қорғаныс министрлігінің жұмысына кешенді тексеру жүргізілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қайғылы жағдайдың мән-жайын жан-жақты анықтап, жауапты тұлғалардың заң аясында жауапқа тартылуы қажеттігін мәлімдеген болатын.

Қазіргі уақытта оқиғаға қатысты қылмыстық тергеу жалғасып жатыр.

Тэгтер:

Олжас Бектенов