Тоқаев Теміртауда қалпына келтірілген трамвай қозғалысы жүйесімен танысты

Бүгін, 14:19 / Ахмет Қанатұлы
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында Теміртау қаласындағы жаңартылған трамвайға мінді. Мемлекет басшысы қаладағы қалпына келтірілген трамвай қозғалысы жүйесінің жұмысымен танысты, деп хабарлайды Arasha.kz.

Президенттің баспасөз қызметінің мәліметінше, Қасым-Жомарт Тоқаев Республика даңғылы бойымен «Инженерная» аялдамасына дейін трамваймен жүріп өтті. Сапар барысында мемлекет басшысы жаңғыртылған көлік инфрақұрылымының жағдайымен танысып, атқарылған жұмыстардың сапасы мен қоғамдық көліктің тұрақты пайдалануға дайындығын бағалады.

Ақорданың хабарлауынша, Теміртау қаласында трамвай қозғалысы 2024 жылы қайта жанданған. Содан бері қала тұрғындары мен қонақтары трамваймен 1 миллионнан астам рет сапарлаған.

"Қалада жалпы ұзындығы 30 шақырым трамвай жолы қалпына келтіріліп, ауыстырылды. Сондай-ақ заманауи үлгідегі 8 жаңа вагон сатып алынды. Бұл трамвайлардың белгіленген кестеге сәйкес тұрақты қатынауына мүмкіндік береді", – делінген Ақорда мәліметінде.

Жаңғырту жұмыстары аясында трамвай жолдары мен вагондар паркі жаңартылып, қоғамдық көлік қозғалысын қалпына келтіруге жағдай жасалған.

Тэгтер:

Қасым-Жомарт Тоқаев Теміртау трамвай