Қызылордада сәбиінен айырылған әйел есін жиды: Жүргізуші әлі табылған жоқ

Бүгін, 16:08 / Ахмет Қанатұлы
Фото-коллаж: Alash.kz

Қызылордада бес айлық сәбиінің өліміне әкелген жол апатынан ауыр жарақат алған әйел есін жиды. Ал ана мен баланы көлікпен қағып, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізуші әлі іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды Arasha.kz.

Қайғылы оқиға 13 қазанда Қызылорда қаласындағы Құлтекенов көшесінде болған. Сағат 17:10 шамасында Mitsubishi Lancer автокөлігінің жүргізушісі қолында бес айлық нәрестесі бар әйелді қағып кеткен. Жол апатынан кейін жүргізуші зардап шеккендерге көмек көрсетпестен оқиға орнынан қашып кеткен.

Ана мен бала ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген. Алайда дәрігерлер бес айлық сәбидің өмірін сақтап қала алмады.

Ауыр жарақат алған әйел есін жиды

Жол апатынан кейін әйел бірнеше күн бойы ес-түссіз жатқан. Дәрігерлер оның жағдайын өте ауыр деп бағалаған. Медициналық мәліметтерге сәйкес, зардап шегушінің бас сүйегі, қабырғалары, бұғанасы, жамбасы мен тобығы сынған. Сонымен қатар өкпесі зақымданып, ауыр жарақаттық шок алған.

31 қазанда жарияланған ақпаратқа сәйкес, әйелдің есін жиғаны белгілі болды.

Сондай-ақ оның телефон арқылы ақпараттарды көріп, оқи алатыны айтылған. Алайда зардап шегушінің қазіргі денсаулық жағдайы туралы толық медициналық қорытынды жарияланған жоқ. 

Күдікті жүргізуші әлі іздеуде

Қызылорда облыстық полиция департаменті жол-көлік оқиғасына байланысты қылмыстық іс қозғаған. Тергеу барысында автокөлікті басқарған адамның жеке басы анықталғанымен, ол әлі қолға түспеген.

31 қазандағы мәлімет бойынша, күдіктіге ресми түрде іздеу жарияланған. Сонымен қатар сот санкциясымен оған сырттай қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.

Құқық қорғау органдары күдіктінің жүрген жерін анықтау үшін іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

Тэгтер:

Қызылорда жол апаты