Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейді Түркі мемлекеттері ұйымының жұмысына қатыстыру жөніндегі ұсынысына пікір білдірді. Кремль өкілі Мәскеудің бұл бастаманы орынды деп санайтынын, алайда әзірге ресми шақырту алмағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Дмитрий Песковтың айтуынша, Ресейдің Түркі мемлекеттері ұйымымен (ТМҰ) ынтымақтастығын кеңейтуге тарихи және мәдени негіз бар. Ол Ресей аумағында түркі халықтары мекендейтін бірқатар өңір орналасқанын атап өтті.
Кремль өкілі Түркі мемлекеттері ұйымының қызметіне Ресейдің қатысу мүмкіндігін түсіндіре отырып, мұндай қадамның қисынды екенін айтты.
"Ресейде тарихи шығу тегі жағынан түркі халықтарына жататын тұрғындар мекендейтін бірқатар аймақ бар. Сондықтан Ресейдің мұндай ұйымның жұмысына қатысуы түсінікті, орынды әрі табиғи қадам болар еді", – деді Дмитрий Песков.
Сонымен қатар ол ұйым жұмысына Ресейдің жекелеген өңірлері емес, тұтас мемлекет ретінде қатысуы туралы сөз болып отырғанын нақтылады.
Дмитрий Песков Ресейдің Түркі мемлекеттері ұйымына қатысуына қатысты ресми шақырту әзірге келмегенін мәлімдеді. Дегенмен Кремль өкілі бұл мәселенің Қазақстанмен алдағы байланыстар барысында талқылануы мүмкін екенін жоққа шығармады. Оның айтуынша, аталған бастама Мәскеу мен Астана арасындағы келіссөздердің күн тәртібіне енуі ықтимал. Әзірге Ресейдің ұйымға қандай мәртебемен қатысуы мүмкін екені туралы түпкілікті шешім қабылданған жоқ.
Тоқаев қандай ұсыныс жасады?
Еске салайық, 30 қазанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Анкарада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының XIII саммитінде ұйымның халықаралық ықпалдастығын кеңейту туралы ұсыныс айтқан болатын.
Мемлекет басшысы Ресейді "ТМҰ+" форматына тарту немесе ұйым қызметіне бақылаушы ретінде қатыстыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Тоқаев Ресейдің түркі әлемімен ғасырлар бойы тарихи және мәдени байланыстар орнатқанын атап өтті. Сондай-ақ Ресей аумағында көптеген түркі халықтары өмір сүретінін және Қазақстанның "Алтай – түркі өркениетінің бесігі" жобасын қолдайтынын жеткізді.
Президенттің пікірінше, Ресеймен осы бағыттағы ынтымақтастықты кеңейту Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдерге өзара тиімді болуы мүмкін.