Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықтық құрылыс» жобасы еліміздің барлық қаласы мен ауданын қамтитынын мәлімдеді. Ол қабылданған батыл шешімдер бірегей комбинаттың дамуына тың серпін бергенін айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Мемлекет басшысы металлургия комбинатының жетістіктері Қазақстандағы ауқымды өзгерістермен тығыз байланысты екенін атап өтті. Оның айтуынша, ел дамудың жаңа тарихи кезеңіне қадам басқанымен, қол жеткізген табыспен шектелуге болмайды.
Президент саяси реформалар мемлекет іргесін нығайтуға бағытталғанын айтты. Сондай-ақ Қазақстан жасанды интеллект кеңінен қолданылатын жаңа әлемге бейімделуге тыңғылықты дайындалуы қажет екенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялағанын еске салып, алдағы жұмыстың негізгі мақсатын түсіндірді.
«Ең маңыздысы, “Халықтық құрылыс” тұтас елді, барлық қала мен ауданды қамтиды. Шын мәнінде, біз баянды болашақтың сенімді іргетасын қалап жатырмыз», – деді Президент.
Жоба аясында жолдар, әуежайлар, вокзалдар мен электр станциялары салынып, жаңартылады. Сондай-ақ ауруханалар, емханалар, мектептер, ерекше балаларға арналған оңалту орталықтары, шығармашылық үйлері мен спорт нысандары қамтылады. Мемлекет басшысы бұл инфрақұрылымның игілігін бірнеше буын көретінін атап өтті.
Президенттің сөзінше, бүгінгі және келешек ұрпаққа нақты материалдық құндылықтарды, ең алдымен әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын қалдыру маңызды.
«Халқымыздың әлдеқайда жайлы өмір сүруге, қазіргі өркениетті заманның барлық игілігін көруге хақы бар. Әділетті Қазақстанды құру стратегиясының басты мақсаты да – осы», – деді Мемлекет басшысы.