Перизат Қайрат түрмеде еден жуушы болып жұмыс істеп жүр

Бүгін, 10:43 / Ахмет Қанатұлы
Перизат Қайрат. Фото: ашық дереккөзден

Қайырымдылыққа жиналған қаражатты жымқыру ісі бойынша сотталған Biz Birgemiz Qazaqstan қорының бұрынғы басшысы Перизат Қайрат жазасын өтеп жатқан мекемеде еден жуушы болып жұмысқа орналасқан. Бұл туралы Arasha.kz тілшісі 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Перизат Қайраттың қазіргі уақытта түзеу мекемесінде еңбекке тартылғанын растаған. Ведомствоның мәліметінше, ол мекемеде тазалық жұмыстарына жауапты қызметті атқарады.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті сотталған әйелдің еңбекақы мөлшері мен күнделікті жұмыс кестесіне қатысты мәліметтерді жарияламаған. Ведомство оның сот үкіміне сәйкес қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесінде жазасын өтеп жатқанын ғана нақтылаған. Ал Перизат Қайраттың анасы Ғайни Алашбаева әзірге жұмысқа орналастырылмаған.

Комитет өкілдерінің түсіндіруінше, сотталған азаматтардың жазасын нақты қай мекемеде өтеп жатқаны туралы ақпарат жақын туыстарына беріледі.

Перизат Қайрат не үшін сотталды?

Еске салайық, Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорының бұрынғы жетекшісі Перизат Қайрат 2024 жылдың қарашасында қамауға алынған болатын. Іс су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету мақсатында жиналған қаражатқа қатысты қозғалған. Тергеу барысында 1,5 миллиард теңгеден астам қаржының жымқырылуына байланысты мән-жайлар қарастырылды.

Тергеу мәліметтерінде қайырымдылыққа жиналған ақшаның бір бөлігі қымбат жылжымайтын мүлік, автокөлік сатып алуға және шетелдік сапарларға жұмсалғаны айтылған. Кейін сот Перизат Қайратқа қатысты айыптау үкімін шығарды. Қазір ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесінде өтеп жатыр.

Тэгтер:

Перизат Қайрат