«Ұмай» ипотекасына өтінім қабылдау басталды: қалай қатысуға болады?

Бүгін, 14:27 / Альфия Адамбек
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

3 қарашадан бастап «Отбасы банк» әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекасының екінші кезеңіне өтінім қабылдай бастады. Банктің мәліметінше, Азия даму банкі бұл кезеңге 20 млрд теңге бөлген. Бұл алғашқы кезеңдегі 9 млрд теңгеден екі еседен астам көп, деп хабарлайды Arasha.kz.

Өтінімді банктің сайтындағы «Бейнеқызмет көрсету» сервисі, Baspana Market жеке кабинеті, банк кеңесшілері немесе бөлімшелері арқылы беруге болады. Онлайн өтінімге электрондық құжаттар жеткілікті. Кеңесші таңдағанда оның төлем қабілеттілігін бағалау және кредитке құжат қабылдау қызметтерін көрсететініне көз жеткізу қажет.

Бағдарлама бойынша жылдық мөлшерлеме — 14,8%, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі — 16,3–16,8%. Ең жоғары қарыз сомасы — 50 млн теңге. Бастапқы жарна Астана мен Алматыда баспана құнының 20%-ынан, басқа өңірлерде 15%-ынан басталады. Банк қарыз сомасын сату бағасы мен бағалау құнының төменіне қарай есептейтіндіктен, олардың айырмасын сатып алушы өзі жабады.

Қатысушы отбасының орташа айлық таза табысы 1 млн 250 мың теңгеден аспауға тиіс. Сондай-ақ соңғы алты айдағы ресми табысын растау қажет. Бағдарлама арқылы дайын жаңа пәтерді, тиісті кепілдігі немесе сақтандыруы бар салынып жатқан баспананы және 2016 жылдан бастап салынған қайталама нарықтағы тұрғын үйді сатып алуға болады.

Алғашқы кезеңде өтінім қабылдау басталған күні қаражат лимиті аяқталып, қабылдау тоқтатылған еді. Сондықтан құжаттарды дайындап, кредит тарихын, зейнетақы аударымдары мен мерзімі өткен берешектерді алдын ала тексерген жөн. Өтінімнің қабылдануы кредиттің мақұлдануына кепіл болмайды: банк табыс пен қолданыстағы міндеттемелерді жеке бағалайды. 

Тэгтер:

ипотека ақпарат Ұмай қатысу