Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ-тың бірінші ханымы Мелания Трампты І дәрежелі Княгиня Ольга орденімен марапаттады. Тиісті жарлық Украина президентінің ресми сайтында жарияланды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Марапаттау туралы №1079/2026 жарлыққа Владимир Зеленский 2 қарашада қол қойған. Құжат 4 қарашада жарияланды.
Ресми құжатта Мелания Трамптың Украинаға гуманитарлық көмек көрсетуге, адам құқықтарын қорғауға және қайырымдылық қызметке қосқан үлесі атап өтілген. Атап айтқанда, марапат украиналық балаларды, соғыс салдарынан зардап шеккен азаматтарды, сондай-ақ Ресей бақылауындағы аумақтардан заңсыз әкетілген және мәжбүрлі түрде көшірілген адамдарды құтқаруға бағытталған қызметі үшін берілген.
Мелания Трамп Херсон облысындағы Олешки қаласында гуманитарлық операция ұйымдастыруға ықпал еткен. Аталған аумақта 27 қазан мен 1 қараша аралығында уақытша атысты тоқтату режимі енгізілген.
Операция барысында тұрғындарға гуманитарлық көмек жеткізіліп, 800-ге жуық адам эвакуацияланды. АҚШ-тың бірінші ханымы гуманитарлық миссияның нәтижесін жоғары бағалап, Ресей мен Украина тараптарына ынтымақтастығы үшін алғыс білдірді.
5 қарашада Ақ үйде Мелания Трамптың қатысуымен Ресей мен Украина өкілдерінің кездесуі жоспарланып отыр. Кездесуде Олешки қаласындағы уақытша бітім мен гуманитарлық операцияның қорытындысы талқыланбақ. Сондай-ақ АҚШ-тың бірінші ханымы гуманитарлық миссия туралы ресми мәлімдеме жасайды деп күтілуде. Бұған дейін Ақ үй бұл бастаманы Мелания Трамптың ерекше дипломатиялық қадамы ретінде сипаттаған.
Айта кетейік, Княгиня Ольга ордені – Украинада мемлекеттік және қоғамдық қызметте, қайырымдылық пен гуманитарлық салада еңбегі сіңген әйелдерге берілетін мемлекеттік марапат. Оның І дәрежесі – ең жоғарысы.