Тапсырысқа кеткен таксист әйел өлі табылды: Үш адам күдікке ілінді

Бүгін, 17:54 / Ахмет Қанатұлы
Фото: ашық дереккөзден

Ресейдің Дағыстан Республикасында такси тапсырысын орындауға шығып, із-түзсіз жоғалған 34 жастағы Динара Алхасованың мәйіті табылды. Әйелдің өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалып, үш адам күдікке ілінді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Қайғылы оқиға Махачкала қаласында болған. Динара Алхасова әйелдерге арналған такси қызметінде жұмыс істеген. 30 қазанда ол кезекті тапсырысты орындау үшін сұр түсті Volkswagen Polo көлігімен үйінен шыққан. Алайда сол кеткеннен жақындарымен байланысқа шықпаған.

Марқұмның құрбысының айтуынша, сол күні Динараға ер адамнан тапсырыс түскен. Жолаушы әдеттегіден жоғары ақы ұсынғандықтан, әйел сапарға шығуға келіскен. Бірақ жүргізуші белгіленген жерге барғаннан кейін хабарсыз кеткен. Жақындары әйелді өз беттерінше іздеп, кейін полицияға жүгінген. Іздеу жұмыстары кезінде оның ұялы телефоны Қызылюрт қаласынан табылған.

2 қарашада тергеушілер Махачкала маңындағы Новый Хушет елді мекенінен жоғалған әйелдің мәйітін тапқан. Алдын ала тараған ақпаратқа сәйкес, қылмыстың ізін жасыру үшін арнайы техника пайдаланылған болуы мүмкін.

IslamNews басылымының Mash Gor Telegram арнасына сілтеме жасап хабарлауынша, күдіктілердің бірі аулада әжетханаға арналған шұңқыр қаздырған. Кейін сол жерге әйелдің денесі көмілген деген болжам бар. Алайда бұл мәліметтер тергеу қорытындысымен әлі толық расталған жоқ.

Ресейдің Тергеу комитеті 2 қарашада әйелдің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын және екі адамның ұсталғанын хабарлады. Кейін Мәскеудің Домодедово әуежайында осы іске қатысы болуы мүмкін тағы бір әйел қолға түскен. Дағыстан Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Гаяна Гариеваның мәліметінше, ұсталған әйел такси қызметіне тапсырыс беріп, Динара Алхасовамен сөйлескен.

Қазіргі уақытта тергеушілер күдіктілердің әрқайсысының оқиғаға қатысын анықтап жатыр.

Тэгтер:

дағыстан