Әуежай көлін қандай өзгерістер күтіп тұр: Түрксіб ауданында тұрғындармен кездесу өтті

4 қараша, 2026 / Ахмет Қанатұлы

«Желтоқсан» саябағында Түрксіб ауданы әкімдігі, «Алматыбасжоспар» және «Almaty Invest» ЖШС өкілдері жергілікті тұрғындармен кездесті. Жиын барысында қатысушыларға Шығыс шығанағы деп те аталатын Әуежай көлінің айналасындағы аумақты көркейту жоспары таныстырылды.

«Алматыбасжоспар» компаниясының бас операциялық директоры Амангелді Саттаров қала тұрғындарына жобаның көрнекі материалдарын көрсетіп, жоспарланған өзгерістер туралы айтып берді. Атап айтқанда, көл жағалауын көркейту, жүргіншілер жолдарын салу, жарықтандыру жүйесін орнату және демалыс аймақтарын ұйымдастыру көзделіп отыр.

Оның айтуынша, аумақтың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінген. Қазір мұнда жүргіншілерге арналған ыңғайлы өткелдер мен жарықтандыру жүйесі жоқ. Ал кейбір тұстардағы жардың биіктігі жеті метрге дейін жетеді.

«Шығыс шығанағының бас жоспарын қарастырғанда, көркейтуді қажет ететін табиғи жер бедерін көруге болады. Мұнда жүргіншілерге арналған ыңғайлы өткелдер жоқ, жарықтандыру қарастырылмаған. Сонымен қатар кей жерлердегі жардың биіктігі жеті метрге дейін жетеді. Бұл маңайда ойнап жүрген балалар мен жасы үлкен жүргіншілер үшін қауіпті», – деді Амангелді Саттаров.

Бұқтырма көшесі жағынан автотұрақ салу және өрт сөндіру депосын орналастыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Сондай-ақ іргелес аумақты дамыту үшін инвесторларды тарту жоспарланған.

Алдағы уақытта бұл жерде серуендеуге, отбасымен демалуға және түрлі іс-шаралар өткізуге арналған қоғамдық кеңістік құру көзделіп отыр.

Кездесу барысында тұрғындар Алматы әуежайы маңындағы аумақты дамытуға қатысты жоспармен танысты.