Үндістанда қызының үйлену тойынан үйіне қайтып келе жатқан ерлі-зайыпты жол апатынан көз жұмды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Қайғылы оқиға Пенджаб штатының Лудхиана ауданында болған. Қызын ұзатқан отбасы Сирхинд қаласындағы үйіне бет алған.
Полиция мәліметінше, отбасы мінген жеңіл көлік алдындағы жүк көлігіне соғылған. Алдын ала дерек бойынша, жүк көлігінің жүргізушісі кенет тежегіш басқан.
Апат салдарынан 53 жастағы ер адам, оның 50 жастағы жұбайы және 62 жастағы туысы ауруханада қайтыс болған. Көлікте отырған тағы екі туысы ауыр жарақат алған.
Жақындарының айтуынша, ерлі-зайыпты қызының тойын өткізіп, қуанып қайтып келе жатқан. Жолда қызы мен күйеубаласы алғаш рет төркіндеп келгенде қандай сыйлық беретінін талқылаған.
Қайғылы хабар жеткен сәтте жас келін күйеуінің үйіне әлі жетпеген еді. Ол жолдан кері қайтып, ата-анасын жерлеуге қатысқан. Туыстарының сөзінше, бойжеткен енді өзінен кейінгі сіңлісі мен інісіне қамқор болатынын айтқан.