Бауыржан Момышұлының бұрын көпшілік көрмеген сирек суреті жарияланды

Бүгін, 13:49 / Ахмет Қанатұлы

Әлеуметтік желіде даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының сирек фотосуреті пайда болды. Жарияланым авторларының айтуынша, тарихи сурет бұған дейін көпшілік назарына ұсынылмаған, деп хабарлайды Arasha.kz.

Ақ-қара түсті фотосуретте Бауыржан Момышұлы бас киім киіп, камераға қырынан қарап тұрған сәтінде бейнеленген. Суретті батырдың өмірі мен шығармашылығын насихаттайтын Instagram парақшасы жариялады. Парақша авторлары құнды фотосуретті тауып, көпшілікке ұсынған Бекжан Бектенбайға алғыс білдірген.

Әзірге фотосуреттің нақты қай жылы, қай жерде және қандай жағдайда түсірілгені анықталмаған. Сондай-ақ суреттің түпнұсқалығы мен оның қай мұрағатта сақталғаны туралы толық мәлімет жоқ. Соған қарамастан, жарияланған кадр батырдың өміріне қызығушылық танытатын оқырмандардың назарын аударды.

Бауыржан Момышұлы туралы

Бауыржан Момышұлы 1910 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген.

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында ол генерал Иван Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясының құрамында Мәскеу түбіндегі шайқастарға қатысып, ерлігімен танылды.

Соғыстан кейін әскери қолбасшы әдеби шығармашылықпен айналысып, қазақ әдебиетіне елеулі үлес қосты.

Оның «Ұшқан ұя», «Москва үшін шайқас» және басқа да шығармалары оқырмандар арасында кеңінен танымал.

Бауыржан Момышұлы 1982 жылы дүниеден өтті. Ал 1990 жылы оған қайтыс болғаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Тэгтер:

сурет Бауыржан Момышұлы