Қазақстан хоккей құрамасы Азия чемпионатының алғашқы ойынында жеңіске жетті

Бүгін, 15:47 / Ахмет Қанатұлы
Фото: Қазақстан хоккей федерациясы

Шайбалы хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасы Оңтүстік Кореяның Чонджу қаласында өтіп жатқан 2027 жылғы Азия чемпионатындағы алғашқы кездесуінде жеңіске жетті, деп хабарлайды Arasha.kz.

Талғат Жайлауов жаттықтыратын қазақстандық хоккейшілер турнирдің бірінші турында Жапония құрамасымен кездесіп, тартысты ойында 3:2 есебімен басым түсті.

Матчтың алғашқы шайбасын 4-минутта жапониялық шабуылшы Юто Танеити соқты. Алайда араға бір минут салып, Максим Мұхаметов есепті теңестірді. Екінші кезеңде Қазақстан құрамасының шабуылшысы Александр Мигунов 28-минутта командасын алға шығарды. Бірақ 34-минутта Жапония қорғаушысы Сюнта Кимура таразы басын қайта теңестірді.

Кездесудің шешуші шайбасы үшінші кезеңде соғылды. Ойынның 51-минутында қазақстандық қорғаушы Кирилл Никитин қарсылас қақпасын дәл көздеп, ұлттық құрамаға жеңіс сыйлады.

Осылайша, Қазақстан хоккейшілері Азия чемпионатындағы алғашқы ойынында үш ұпай еншілеп, турнир кестесінде көш бастады.

Айта кетейік, Азия чемпионатына Қазақстан, Жапония, Оңтүстік Корея және Қытай құрамалары қатысып жатыр. Жарыс айналмалы жүйе бойынша ұйымдастырылған.

Қазақстан құрамасы келесі кездесуін 7 қараша, сенбі күні Қытайға қарсы өткізеді. Матч Астана уақытымен сағат 13:30-да басталады.

Тэгтер:

хоккей