Тоқаевтың шақыруымен Иордания королі Қазақстанға ресми сапармен келді

Бүгін, 15:57 / Ахмет Қанатұлы
Фото: Ақорда

Иордан Хашимит Корольдігінің королі II Абдалла бен әл-Хусейн Қазақстанға ресми сапармен келді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Мәртебелі мейман Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Астанаға келді. Иордания королінің ресми сапары 5-6 қараша күндеріне жоспарланған.

Сапар аясында екі ел басшылары жоғары деңгейдегі келіссөздер өткізіп, Қазақстан мен Иордания арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелерін талқылайды.

Атап айтқанда, сауда-экономикалық байланыстарды дамыту, өзара инвестиция көлемін арттыру және мәдени-гуманитарлық салалардағы әріптестікті кеңейтуге басымдық берілмек.

"Жоғары деңгейдегі келіссөздер барысында сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту перспективасы талқыланады", – деп хабарлаған еді Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы.

Айта кетейік, 6 қарашада Астанада бірқатар мемлекет басшыларының қатысуымен Ақаба процесінің саммиті өтеді. Аталған халықаралық жиынға Иордания королі II Абдалла бен әл-Хусейн де қатысады деп жоспарланған.

Бұған дейін Қазақстан Президентінің шақыруымен Иордания королі мен Тәжікстан президентінің елімізге келетіні хабарланған болатын.

Тэгтер:

Қасым-Жомарт Тоқаев