Криштиану Роналду Португалия құрамасымен қоштасты

Бүгін, 17:22 / Ахмет Қанатұлы
Криштиану Роналду. Фото: Molly Darlington/Getty Images

Әлемге әйгілі футболшы Криштиану Роналду Португалия ұлттық құрамасындағы 23 жылдық мансабын аяқтайтынын жариялады. 41 жастағы шабуылшы бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында арнайы бейнеүндеу жасады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Футболшы Instagram желісінде жариялаған видеосында ұлттық құрамадағы жылдарын еске алып, жанкүйерлеріне, командаластарына және бапкерлеріне алғыс айтты. Оның сөзінше, Португалияның намысын қорғау өміріндегі ең үлкен жетістіктерінің бірі болып қала береді.

"Мен өмір бойы әлемдегі ең үздік ойыншы болу үшін еңбек еттім. Бүгін мен үшін ең үлкен жеңіс – әлемдегі ең үздік елдің намысын қорғау құқығы болғанын түсінемін", – деді ол.

Роналду 23 жыл бойы киіп келген 7-нөмірлі жейдені енді жас футболшыларға табыстайтын уақыт жеткенін жеткізді. Ол мұндай шешімге келу оңай болмағанын жасырмады.

"Бүгін оны болашаққа тапсыратын сәт келді. Бұл оңай шешім болған жоқ. Өйткені тек акылмен емес, жүрекпен қабылданатын шешімдер болады", – деді атақты футболшы.

Португалиялық жұлдыз ұлттық құрамадағы мансабы тек голдар мен жүлделерден тұрмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, елінің әнұраны шырқалған сәтте сезінген ерекше толқыныс пен жанкүйерлердің қолдауы жадында мәңгі сақталады. Сонымен қатар футболшы ұлттық команда сапында бірге өнер көрсеткен әріптестеріне, жаттықтырушылар штабына және отбасы мүшелеріне ризашылығын білдірді.

"Бүгін ұлттық құрама сапындағы алаңдағы жолым аяқталады. Мен басымды жоғары көтеріп, өткен жолыма деген мақтанышпен және Португалия үшін барымды салғаныма іштей таза арыммен кетемін", – деді ол.

Айта кетейік, Криштиану Роналду Португалияның негізгі құрамында 2003 жылдың тамызында Қазақстанға қарсы кездесуде дебют жасаған.

Содан бері шабуылшы ұлттық құрама жейдесінде 234 ойын өткізіп, қарсыластар қақпасына 146 гол соқты. Бұл екі көрсеткіш те ерлер арасындағы халықаралық футбол тарихындағы рекорд саналады. Роналду Португалия құрамасымен бірге 2016 жылғы Еуропа чемпионатында жеңіске жетіп, 2019 және 2025 жылдары УЕФА Ұлттар лигасының чемпионы атанды.

Футболшының ұлттық құрамадағы соңғы кездесуі 24 қыркүйекте Уэльске қарсы өткен. Португалия 1:0 есебімен жеңіске жеткен сол матчта Роналду 67 минут ойнаған.

Тэгтер:

футбол спорт Криштиану Роналду