Солтүстік Қазақстан облысында орман өртенді

Бүгін, 10:47 / Ахмет Қанатұлы
Фото: Экология министрлігі

Солтүстік Қазақстан облысында орман алқабынан өрт шығып, оны сөндіруге арнайы техника мен мамандар жұмылдырылды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Ведомствоның мәліметінше, 5 қараша күні өңір аумағында орман өрті тіркелген. Тілсіз жауды мемлекеттік орман күзетінің қызметкерлері аумақты жерүсті патрульдеу барысында анықтаған.

Өрт туралы ақпарат түскеннен кейін оқиға орнына орман шаруашылығының мамандары мен арнайы техника жіберілген. Қызметкерлер жалынның одан әрі таралуына жол бермеу және өрт ошағын толық сөндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Экология министрлігі жағдайдың бақылауда екенін мәлімдеді.

"Қазіргі сәтте өртті сөндіру жұмыстары жалғасуда, жағдай тұрақты бақылауда", – деп атап өтті ведомство.

Әзірге өрттің нақты қанша аумақты шарпығаны және оның шығу себебі туралы толық мәлімет жарияланған жоқ.

Министрлік тұрғындарды табиғатқа жауапкершілікпен қарауға, орманды жерлерде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырды. Қазіргі уақытта өртті толық сөндіру шаралары жалғасып жатыр.

Тэгтер:

өрт СҚО орман