Тоқаевтың қатысуымен Астанада Ақаба процесінің халықаралық саммиті басталды

Бүгін, 12:47 / Ахмет Қанатұлы
Фото: Ақорда

Астанада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен бірқатар шет мемлекет басшыларының қатысуымен Ақаба процесінің халықаралық саммиті өтіп жатыр, деп хабарлайды Arasha.kz.

Биылғы жиын «Жасанды интеллект саласындағы қауіпсіздік» тақырыбына арналған. Саммит барысында жаңа технологиялардың дамуына байланысты туындайтын қауіп-қатерлер мен халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері талқылануда.

Ауқымды халықаралық кездесуге Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Иордания королі II Абдалла бен әл-Хусейн, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қатысып жатыр.

Сондай-ақ жиынға Әзербайжан Ұлттық жиналысының төрағасы Сахиба Гафарова, Қырғызстанның Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаев және өзге де мемлекеттердің ресми өкілдері келген.

Саммиттің басты тақырыбы – жасанды интеллект технологияларының қауіпсіздік саласына ықпалы және оларды заңсыз мақсатта пайдаланудан туындайтын қатерлерге қарсы іс-қимыл.

Айта кетейік, Ақаба процесі – 2015 жылы Иордания королі II Абдалла бен әл-Хусейннің бастамасымен құрылған халықаралық алаң. Оның негізгі мақсаты – терроризм мен зорлықшыл экстремизмге қарсы күресте мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты күшейту.

Аталған бастама аясында әлем елдерінің басшылары, арнайы қызмет өкілдері, әскери құрылымдардың жетекшілері және халықаралық ұйымдардың басшылары бас қосады.

Кездесулерде жаһандық қауіпсіздікке төнетін қатерлерді бірлесіп бағалау, ақпарат алмасу және терроризмнің алдын алуға бағытталған ортақ шараларды үйлестіру мәселелері қарастырылады.

Астанада ұйымдастырылған биылғы саммитте осы бағыттағы халықаралық ынтымақтастықты жасанды интеллект дәуірінің жаңа сын-қатерлеріне бейімдеу мәселесіне ерекше назар аударылып отыр.