Алматыда сегізінші қабаттан құлаған 13 жастағы баланы дәрігерлер аман алып қалды

Бүгін, 13:51 / Ахмет Қанатұлы
Фото: pexels.com

Алматыда көпқабатты тұрғын үйдің сегізінші қабатынан құлап, ауыр жарақат алған 13 жастағы жасөспірімнің өмірін дәрігерлер сақтап қалды. Балаға төрт бірдей күрделі ота жасалған, деп хабарлайды Arasha.kz.

Ведомство мәліметінше, жасөспірім шамамен 24 метр биіктіктен асфальтқа құлаған. Оқиғадан кейін жедел жәрдем қызметкерлері оны №1 балалар қалалық клиникалық ауруханасына жеткізген. Медициналық мекемеге түскен сәтте баланың жағдайы өте ауыр болған. Дәрігерлер оған бас сүйек-ми жарақаты, ми шайқалуы, аяқ-қол сүйектерінің сынуы, кеуде және құрсақ қуысы ағзаларының зақымдануы диагноздарын қойған. Сонымен қатар жасөспірім травматикалық шок алған.

Науқас бірден жансақтау бөліміне жатқызылып, дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін шұғыл емдеу шараларын бастаған. Жарақаттардың ауырлығын анықтау мақсатында толық медициналық тексеру жүргізіліп, компьютерлік томография жасалған.

Аурухананың реанимация бөлімшесінің меңгерушісі Медетәлі Мақұлбековтің айтуынша, мамандар ең алдымен баланың өмірлік маңызды ағзаларының қызметін тұрақтандыруға күш салған.

Алғашқы екі тәулік бойы дәрігерлер жасөспірімнің жағдайын бақылап, қарқынды ем жүргізген. Кейін хирургиялық операциялар жасалып, үшінші тәулікте бала жансақтау бөлімінен травматология бөліміне ауыстырылған.

Жасөспірімнің өмірін сақтап қалу үшін медициналық топ барлығы төрт ота жасаған. Емдеу жұмыстарына хирургтер, травматологтар, анестезиологтар мен реаниматологтар қатысқан.

№1 балалар қалалық клиникалық ауруханасы директорының орынбасары Құрметбек Тоқтар мұндай биіктіктен құлаған баланың аман қалуын ерекше жағдай деп бағалады.

"Сегізінші қабаттан құлау – аса ауыр жарақат, ал баланың аман қалуының өзін нағыз ғажайып деп атауға болады. Біздің команда қажетті медициналық көмек көрсетуге дереу кірісті.

Алған жарақаттардың сипаты мен ауырлығын ескере отырып, төрт ота жасау туралы шешім қабылданды. Барлық қажетті ота сәтті орындалды. Қазір науқастың жағдайы бізге қолайлы болжам жасауға мүмкіндік береді.

Балаға әрі қарай емделу, қалпына келу және реабилитация қажет. Біз оның жағдайын бақылауды жалғастырамыз және тезірек сауығып кетуі үшін барлық қажетті шараны қолданып жатырмыз", – деді Құрметбек Тоқтар.

Дәрігерлердің бірнеше күнге созылған емдеу шараларынан кейін жасөспірімнің жағдайы жақсарған.

Қазіргі уақытта бала ауруханадан үйіне шығарылды. Енді ол тұрғылықты жері бойынша емханада дәрігерлердің бақылауында болады. Сонымен қатар жасөспірім желтоқсан айында арнайы оңалту курсынан өтуі тиіс. Мамандар оның толық қалпына келуі үшін медициналық бақылау мен оңалту шараларын жалғастыру қажет екенін атап өтті.

Тэгтер:

алматы