Атырауда 13 жастағы оқушы қызды өлтіруге оқталған жасөспірім 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Оқиға наурыз айында Дінмұхамед Қонаев атындағы BINOM мектебінде болған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Іс материалдарына сәйкес, жасөспірім шабуылға бірнеше күн дайындалған. Сол күні ол соңғы сабақтан үйіне кетіп, сөмкесіне пышақтар мен балға салып, мектепке қайта келген. Күзетшіге көзілдірігін ұмытып кеткенін айтқан.
Мектеп дәлізінде бір топ оқушыны көрген жасөспірім олардың арасындағы қыздардың бірін қуып жетіп, арқасы мен мойнына бес рет пышақ сұққан. Бұған дейін екеуі бір-бірін танымаған.
Жараланған қыз шұғыл ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалды.
Сот барысында жасөспірімнің ата-анасын өлтіру туралы ойларын дәптерге жазып жүргені белгілі болған. Сондай-ақ оның терроризмге қатысты материалдарға қызығушылық танытқаны айтылды.