Көшені қою шәрбат басып, 21 адам қаза тапты

Бүгін, 09:43 / Альфия Адамбек
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Алып резервуар жарылып, ішіндегі миллиондаған литр қою шәрбат көшеге жайылған. Жолындағы ғимараттарды қиратқан тосын апаттан 21 адам қаза тауып, тағы 150 адам жараланған, деп хабарлайды Arasha.kz.

АҚШ-тың Бостон қаласында болған апат жұртты есеңгіреткен. Түс кезінде тұрғындар қатты гүріл естіген. Алғашында оны жақындап келе жатқан пойыздың дауысы деп ойлаған. Алайда биіктігі шамамен 15 метр болатын резервуар жарылып, ішіндегі 8,7 миллион литрдей меласса сыртқа лап қойған. Меласса – қант өндірісінен қалатын қою, жабысқақ тәтті сұйықтық.

Қою шәрбат көшелерге сағатына шамамен 56 шақырым жылдамдықпен тараған. Ағынның екпіні ғимараттарды қиратып, кейбірін іргетасынан жылжытқан. Адамдар мен жануарлар жабысқақ сұйықтықтың құрсауынан шыға алмай қалған.

Оқиға орнына полиция, теңізшілер мен Қызыл Крест қызметкерлері жеткен. Алайда құтқарушылар қанша тырысқанымен, 21 адамды аман алып қалу мүмкін болмаған. Қаза тапқандардың арасында он жастағы екі бала да бар.

Кейін резервуардан бұған дейін де сұйықтық ағып тұрғаны анықталған. Тұрғындар шағымданғанымен, компания ақауды жөндеудің орнына, аққан шәрбат байқалмас үшін оның сыртын қоңыр түске бояған. Сарапшылар резервуар қабырғасының мұндай ауыр сұйықтықты сақтауға тым жұқа болғанын анықтаған.

Апаттан кейін көшелерді тазарту да оңайға түспеген. Шәрбат қирандылар мен көліктерге жабысып, оларды жылжытуға кедергі келтірген. Ақырында тазалау жұмыстарына айлақтан тартылған тұзды су пайдаланылған.

Тэгтер:

адам марқұм Шәрбәт сұйықтық