Трамп Нетаньяхудан Газа секторына қатысты бейбітшілік жоспарын тездетуді талап етті

Бүгін, 13:45 / Ахмет Қанатұлы
Дональд Трамп пен Биньямин Нетаньяху. Фото: Alex Wong/Getty Images 0 1

АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуды Газа секторындағы қақтығысты реттеуге бағытталған бейбітшілік жоспарын іске асыруды жеделдетуге шақырды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Axios басылымының мәліметінше, екі ел басшысы өткен аптада телефон арқылы сөйлескен. Әңгіме барысында Трамп Израиль үкіметінен Газадағы жағдайды реттеуге арналған жоспарды жүзеге асыру бойынша нақты қадамдар күтетінін жеткізген. АҚШ президентіне жақын екі дереккөздің айтуынша, Вашингтон бейбіт бастаманың ұзақ уақытқа созылып кетуіне мүдделі емес.

Жоспар аясында ХАМАС қозғалысын қарусыздандыру, Газа секторын демилитаризациялау және анклавты басқару өкілеттігін Палестинаның жаңа технократиялық үкіметіне беру қарастырылған. Алайда бұл бастаманы жүзеге асыру бірнеше айға тоқтап қалған. Бұған 27 қазанда Израильде өткен парламент сайлауы әсер еткен.

Axios дереккөздерінің мәліметінше, Ақ үй бейбітшілік жоспарының Израильдегі сайлауалды науқан кезінде саяси келіспеушіліктерге себеп болғанын қаламаған. Енді сайлау аяқталғаннан кейін Вашингтон бастаманы қайта жандандыруға ниетті.

"Бұл жоспарды жүзеге асыру қиын болады, бірақ біз оны Израиль үшін тиімді деп есептейміз. Бұл бағытта ынтымақтаса отырып алға жылжығымыз келеді және бізге Израиль үкіметі тарапынан толық өзара іс-қимыл мен әріптестік қажет", – деп мәлімдеді дереккөз.

Телефон арқылы өткен келіссөзге АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио, президенттің арнайы өкілі Стив Уиткофф және Джаред Кушнер де қатысқан.

Тараптар Газа секторындағы жағдаймен қатар, Иранға қатысты мәселелерді де талқылаған. Дегенмен Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху ХАМАС-тың толық қарусыздануға келісетініне күмәнмен қарайтыны хабарланды.

Тэгтер:

Дональд Трамп Биньямин Нетаньяху