Тоқаев Азия ойындарында жеңімпаз атанған қазақстандық спортшыларды марапаттады

Бүгін, 14:14 / Ахмет Қанатұлы
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияда өткен ХХ жазғы Азия ойындары мен V Азия Пара ойындарының жеңімпаздары және жүлдегерлерін марапаттау рәсіміне қатысты. Мемлекет басшысы спортшылардың жетістігін жоғары бағалап, ел экономикасының даму көрсеткіштеріне де тоқталды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген Президент қазақстандық спортшылардың халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп, еліміздің мәртебесін асырғанын атап өтті.

Мемлекет басшысы ұлттық құрама мүшелерінің әрбір жеңісі бүкіл Қазақстан үшін маңызды екенін айтып, спортшыларға ризашылығын білдірді.

"Бұл – мемлекетіміз үшін шын мәнінде үлкен жетістік және зор мақтаныш! Баршаңызға жарқын жеңістеріңіз құтты болсын деймін! Сіздер құрлықтың ең мықты спортшылары қатысқан дүбірлі дода кезінде ел намысын қорғап, жүзден жүйрік шықтыңыздар! Ұлттық құраманың табанды еңбегінің арқасында Азиада төрінде рухты Әнұранымыз шырқалды, көк Туымыз биікте желбіреді. Мен әрбір жеңісті нағыз патриотизмнің айқын көрінісі деп санаймын. Тұтас халқымыз сіздерге қолдау көрсетті, жанкүйер болды. Әр спортшының ел қоржынына қосқан медалі азаматтарымызға, әсіресе, өсіп келе жатқан жас буынға үлкен шабыт береді, оларды мықты, күшті болуға үндейді және алға жетелейді. Бүгін осы мерейлі сәтте мен Мемлекет басшысы ретінде баршаңызға тағы да шынайы ризашылығымды білдіремін", – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық спортшылардың жетістіктері елімізде жүргізіліп жатқан түбегейлі өзгерістермен үндесетінін жеткізді.

Оның айтуынша, соңғы жылдары Қазақстан экономикасы нығайып, бірқатар маңызды даму көрсеткіштеріне қол жеткізе бастаған. Президент осы орайда Халықаралық валюта қорының ел экономикасына қатысты болжамын мысалға келтірді.

"Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша мемлекетіміздің жалпы ішкі өнімінің көлемі 398 миллиард долларға жақындайды. Бұл – біздің аймағымыздағы ең жоғары көрсеткіш болмақ. Бірақ қазіргідей құбылмалы уақытта, әрине, қолда бар табысқа мәз болып, жайбарақат отыруға болмайды. Бәріміз осындай алмағайып заманда еліміздің әлеуетін арттыра түсу үшін белсенді әрі қажырлы еңбек етуіміз керек", – деді ол.

Мемлекет басшысы спортшылардың халықаралық аренадағы жеңістері жас ұрпаққа үлгі болып, олардың үлкен жетістіктерге ұмтылуына жол ашатынын атап өтті.

Тэгтер:

Ақорда Қасым-Жомарт Тоқаев