Қазақстанда Ұлттық пантеонда жерленетін лауазымды тұлғалардың тізімі кеңейтілді. Үкімет тиісті ережеге өзгерістер енгізді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Жаңартылған тізімге вице-президенттер, Құрылтай төрағалары мен олардың орынбасарлары, Қазақстан Халық Кеңесінің төрағалары мен орынбасарлары, сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасарлары қосылды. Министрлер мен әкімдер бұған дейін де осы тізімде болған.
Ережеге сәйкес, Пантеонда премьер-министрлер мен олардың орынбасарлары, Парламент палаталарының төрағалары мен орынбасарлары, мемлекеттік хатшылар мен мемлекеттік кеңесшілер, Президент Әкімшілігінің басшылары жерлене алады. Тізімде Конституциялық Кеңес, Конституциялық Сот, Жоғарғы Сот және Ұлттық банк төрағалары да көрсетілген.
Бұдан бөлек, мұндай мүмкіндік министрлерге, Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың басшыларына, астананың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдеріне қарастырылған. Президенттің ерекше шешімімен өзге азаматтар да Ұлттық пантеонда жерленуі мүмкін.
Құжатта жерлеуді ұйымдастыру тәртібі де нақтыланған. Рәсімді марқұмның жұбайының, жақын туыстарының немесе заңды өкілінің бастамасымен жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырады. Олар құжаттарды ресімдеу, қажетті бұйымдарды беру, марқұмның денесін Пантеонға жеткізу және жерлеу жұмыстарын атқарады.