Польшаның Краков қаласында болған қарулы шабуылға күдікті ауруханада қайтыс болды. Бұл туралы Малополь воеводствосының полициясы мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Құқық қорғау органдары күдіктінің қайтыс болғаны туралы ақпаратты X әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында жариялады.
"Қайғылы оқиғаға кінәлі адам бүгін таңертең ауруханада қайтыс болғанын хабарлаймыз", – делінген полиция мәлімдемесінде.
Еске салайық, бұған дейін Польшаның Краков қаласының орталығында қарулы шабуыл жасалып, бірнеше адам қаза тауып, жараланғаны хабарланған болатын.
Оқиғадан кейін құқық қорғау органдары ауқымды тергеу жұмыстарын бастады. Күдіктінің тұрғылықты мекенжайын тексеру кезінде бірнеше адамның мәйіті табылған. Алдын ала мәлімет бойынша, қаза тапқандар күдіктінің жақын туыстары болуы мүмкін. Алайда бұл ақпарат әзірге түпкілікті расталған жоқ.
Краковтағы қайғылы оқиғаға байланысты Польшада 8 және 9 қараша қаралы күн деп жарияланғаны хабарланды. Сонымен қатар прокуратура қарулы шабуылға қатысты терроризм бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған.