86 500 теңгеге дейін айыппұл салынады: Астана полициясы жүргізушілерге ескерту жасады

Бүгін, 17:03 / Ахмет Қанатұлы
Фото: pixabay.com

Астанада полиция қызметкерлері көлік жүргізушілерін жазғы дөңгелектерін қысқы үлгіге уақытылы ауыстыруға шақырды. Қыс мезгілінде талапты орындамаған азаматтарға 86 500 теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін, деп хабарлайды Arasha.kz.

Елорда әкімдігінің мәліметінше, күннің суытуына және жолдарда көктайғақтың пайда болуына байланысты жүргізушілер автокөліктерін қысқы маусымға алдын ала дайындауы қажет.

Қазақстан заңнамасына сәйкес, 1 желтоқсаннан 28 ақпанға дейін жеңіл автокөліктер мен жеңіл жүк көліктерін қысқы дөңгелексіз пайдалануға тыйым салынады.

Бұл ретте қысқы дөңгелектер көліктің барлық дөңгелегіне орнатылуы тиіс. Аталған талапты бұзған жүргізушілер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады. Заң талаптарын сақтамағандарға 21 625 теңгеден 86 500 теңгеге дейін айыппұл қарастырылған.

Астана полициясы елордада ауа райының күрт өзгеруі, қар жаууы және көктайғақтың пайда болуы желтоқсан айына дейін де жиі кездесетінін ескертті. Сондықтан жүргізушілерге қысқы дөңгелекке ауысуды соңғы күнге қалдырмау ұсынылады. Сонымен қатар тәртіп сақшылары автокөліктің техникалық жағдайын алдын ала тексерудің маңызын атап өтті.

Атап айтқанда, жүргізушілерге жол үстінде қауіпсіз арақашықтықты сақтау, ауа райына сәйкес жылдамдық таңдау және күрт маневр жасамау қажеттігі ескертілді.

"Автокөлікті қысқа уақытылы дайындау жол-көлік оқиғаларының қаупін азайтып, жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмектесетінін еске саламыз", – делінген полиция хабарламасында.

Тэгтер:

Астана көлік