Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының X құрылтайында сөз сөйлеп, ана тілінің ел болашағы үшін маңызын атап өтті, деп хабарлайды Arasha.kz.
Мемлекет басшысы құрылтайға қатысушыларға алғыс айтып, қазақ тілінің дамуы мен оның қоғамдағы орнына қатысты мәселелерге ерекше назар аударды.
Президенттің айтуынша, ана тілі мәселесі тек мәдениет немесе білім саласымен шектелмейді. Бұл – мемлекеттің дамуына, ұлттық бірегейлікке және қоғамдық өмірге тікелей қатысты маңызды тақырып.
"Баршаңызбен бірге Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының Х құрылтайында бас қосып отырғанымызға ризамын. Бүгінгі жиынның мән-мағынасы ерекше. Себебі Ана тілі мәселесі, бұл – мемлекеттік, саяси және ұлттық маңызы бар тақырып", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы қазіргі әлемде тіл мәселесінің өзектілігі артып отырғанына да тоқталды. Оның сөзінше, дүниежүзінде тілге қатысты мәселелер барған сайын күрделеніп, көптеген ел үшін маңызды тақырыпқа айналған.
"Қазіргі таңда дүние жүзінде тіл өзекті, нәзік мәселеге айналып кетті. Бұл үрдіске бәріміз куә болып отырмыз", – деді Президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтай барысында сөз сөйлеген азаматтардың пікірлері мен ұсыныстарына назар аударғанын жеткізді. Президент айтылған бастамаларды мұқият зерделеп, алдағы жұмыстар барысында ескеру қажеттігін атап өтті.
"Ең алдымен, осы жерде сөз сөйлеп, мазмұнды ойларын ортаға салған азаматтарға алғысымды білдіремін. Салмақты пікірлер, ұтымды ұсыныстар айтылды. Соның бәрін мұқият қарап, алдағы жұмысымызда міндетті түрде ескеру қажет", – деді Мемлекет басшысы.