Тоқаев араб сөздерін жиі қолданатындарға қатысты пікір білдірді

Бүгін, 13:18 / Ахмет Қанатұлы
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тіліндегі діни ұғымдардың орнына арабша сөздерді жиі қолдану үрдісіне қатысты пікір білдірді. Мемлекет басшысы мұндай сөздерді орынсыз пайдаланудың қажеттілігіне күмән келтірді, деп хабарлайды Arasha.kz.

10 қарашада Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының X құрылтайында сөйлеген Президент қазақ тілінің дамуы, сөз қолданысы және тіл мәдениетіне қатысты бірқатар мәселені көтерді.

Мемлекет басшысы соңғы жылдары дінге қатысты қазақша сөздер мен тіркестердің орнына араб тіліндегі баламаларын қолдану кең таралып бара жатқанын атап өтті.

"Соңғы кезде дінге қатысты көне сөздеріміздің орнын араб сөздерін жиі қолдану сән болып кетті. Мұның да қажеттілігіне күмән бар", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, кейінгі уақытта күнделікті сөйлеу барысында "Құдай қаласа" дегеннің орнына "Иншалла", "Құдайға шүкір" тіркесінің орнына "Әлхамдулиллаһ" сөздерін қолдану жиі кездеседі. Сол сияқты "ауызашар" сөзін "ифтар", ал "сәресі" сөзін "сухур" деп атайтындар да бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілінің сөздік қоры жаңарып, бұрын сирек қолданылған көптеген сөздің күнделікті қолданысқа енгенін оң өзгеріс ретінде бағалады. Атап айтқанда, ол "тұжырымдама", "қағидат", "сыйақы", "шәкіртақы", "еңбек өтілі", "жанармай", "көгалдандыру", "ғарыш", "зымыран", "ғаламтор", "тікұшақ", "пайыз", "сынып" және басқа да сөздерді мысалға келтірді.

Президенттің пікірінше, мұндай сөздердің кеңінен қолданылуы қазақ тілінің дамып, заман талабына бейімделіп жатқанын көрсетеді. Сонымен бірге Мемлекет басшысы кейбір ұғымдардың қазақша баламасын жасауда жасандылыққа жол берілетінін айтты.

Ол "күйсандық", "қылтима", "субұрқақ", "себезгі", "қырыққабат", "үнқағаз", "жеделсаты", "желкөз" секілді сөздерді мысалға келтіріп, олардың қажеттілігіне күмән білдірді.

Президент қазақ тілінің дамуына қатысты мәселелерді жүйелі түрде шешу үшін заманауи цифрлық жүйе әзірлеу маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, тіл ғылымына қатысты мәліметтер мен құралдарды біріктіретін, баршаға қолжетімді әмбебап цифрлық жүйе қажет. Бұл жұмысты мемлекеттік деңгейде жүзеге асыру үшін арнайы жұмыс тобын құру ұсынылды. Оның құрамына кәсіби тіл мамандары, ғалымдар, сарапшылар және қоғам өкілдері кіруі тиіс. Мемлекет басшысы аталған жұмыс тобының қызметін үйлестіруді Президент әкімшілігіне тапсырды.

Тэгтер:

Қасым-Жомарт Тоқаев