Алматы сарапшылары Президент Жолдауының басым бағыттары мен оны іске асыру перспективаларын талқылады

Бүгін, 14:29 / Ахмет Қанатұлы

Алматы қаласы Қоғамдық даму орталығы қалалық Ішкі саясат басқармасымен бірлесіп, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Философия, саясаттану және дінтану институтымен бірге Достық үйінде «Президент Жолдауы: мемлекеттік және қоғамдық дамудың жаңа бағдарлары» тақырыбында сарапшылық дөңгелек үстел өткізді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Іс-шараға ғылыми және сарапшылық қауымдастық өкілдері қатысып, Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған негізгі басымдықтарды, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелерін, мемлекеттік басқаруды жаңғырту және Президент бастамаларын іске асыру перспективаларын талқылады.

Сараптамалық баяндамалармен Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының Алматы қаласындағы өкілдігінің басшысы Әсел Назарбетова, Философия, саясаттану және дінтану институтының бас ғылыми қызметкерлері Вячеслав Додонов пен Асқар Шоманов, институттың жетекші ғылыми қызметкері Дина Ешпанова, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, саясаттану ғылымдарының докторы Жомарт Симтиков, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, заң ғылымдарының докторы Алуа Ибраева, сондай-ақ Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы Ғылыми-техникалық ақпарат департаментінің директоры, саясаттану ғылымдарының кандидаты Антон Морозов сөз сөйледі.

Талқылау барысында экономикалық дамудың басым бағыттарына, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуға, білім беру мен инновацияларды дамытуға, сондай-ақ мемлекет пен қоғам арасындағы тиімді коммуникация мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының Алматы қаласындағы өкілдігінің басшысы Әсел Назарбетованың пікірінше, Президент Жолдауы ел дамуының стратегиялық бағдарларын айқындап қана қоймай, мемлекеттік институттар мен қоғамдық қатынастарды одан әрі трансформациялаудың нақты бағыттарын белгілейді. Бұл ретте жүйелі тәсілге және қол жеткізілген нәтижелерді бағалауға негізделген бастамаларды дәйекті түрде іске асыру маңызды міндет болып табылады.

Өз кезегінде, Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы Ғылыми-техникалық ақпарат департаментінің директоры Антон Морозов Жолдауда белгіленген басымдықтарды іске асырудағы ғылыми және инновациялық әлеуеттің маңыздылығын атап өтті.

«Бүгінде елдің дамуы ғылыми жетістіктерді, заманауи технологиялар мен инновациялық шешімдерді экономикаға және мемлекеттік басқару жүйесіне интеграциялау мүмкіндігіне тікелей байланысты. Осы тұрғыда ғылыми әзірлемелерді тәжірибеге енгізуге және ғылым, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға қажетті жағдайлар қалыптастыру ерекше маңызға ие», — деп атап өтті сарапшы.

Дөңгелек үстелге қатысушылар Президент бастамаларының маңыздылығына қатысты сараптамалық бағаларын ұсынып, оларды практикалық тұрғыда іске асыру тетіктерін талқылады және ел дамуының өзекті бағыттары бойынша пікір алмасты.

Сарапшылық кездесу кәсіби диалог орнатуға, ғылыми бағалармен алмасуға және мемлекеттік саясаттың стратегиялық міндеттерін терең зерделеу тәсілдерін талқылауға арналған маңызды алаңға айналды.