Конгода 66 әскери қызметші өлім жазасына кесілді

Бүгін, 15:28 / Ахмет Қанатұлы
Көрнекі фото: Yannick Tylle

Конго Демократиялық Республикасында әскери сот бірден 66 сарбазды өлім жазасына кесті. Олар әскери тәртіпті бұзды және бұйрыққа бағынбады деп айыпталған, деп хабарлайды Arasha.kz.

Конгоның ресми ACP ақпарат агенттігінің мәліметінше, Гома қаласындағы гарнизондық әскери сот ондаған сарбазға қатысты істі қарап, үкім шығарған. Әскери қызметшілерге бүлік шығару, басшылықтың бұйрығын орындамау және әскери міндеттерін тиісінше атқармау сияқты айыптар тағылған.

Сот талқылауының қорытындысында 66 адамға ең ауыр жаза тағайындалды.

"Гома гарнизонының әскери соты 66 сарбазды өлім жазасына кесті. Аса жеңілдететін мән-жайлар ескеріліп, сержант 10 жылға бас бостандығынан айырылды", – делінген ресми хабарламада.

Сонымен қатар сот төрт әскери қызметшіні кінәсіз деп танып, ақтау туралы шешім шығарған. Олардың арасында әскери барлау қызметінің басшысы болған капитан да бар.

Тергеу бастапқыда 54 әскери қызметшіге қатысты жүргізілген. Кейін күдіктілер қатары тағы 16 адаммен толыққан. Одан соң өзге де әскери қызметшілер ұсталған.

Тэгтер:

Конго