"Рауан әкесіне өте жақын еді": Мұхтар Шахановтың жары марқұм ұлы туралы айтты

Бүгін, 17:10 / Ахмет Қанатұлы
Фото-коллаж: Alash.kz

Көрнекті ақын, жазушы Мұхтар Шахановтың отбасы алғаш рет Ұлттық арнаға сұхбат берді. Ақынның жұбайы Ханшайым Шаханова 2021 жылы өмірден өткен ұлы Рауан туралы айтып, жүрек тебірентерлік естелігін бөлісті, деп хабарлайды Arasha.kz.

"Таңшолпан" бағдарламасына Мұхтар Шахановтың 34 жыл отасқан жары Ханшайым Шаханова, келіні Жаңагүл Өмірбекова және немерелері арнайы қонақ болды.

Бағдарлама барысында ақынның отбасы көпшілік біле бермейтін естеліктерімен бөлісіп, оның әкелік, аталық қырлары туралы әңгімеледі. Әсіресе Ханшайым Шаханованың марқұм ұлы Рауан туралы айтқан естелігі ерекше назар аудартты. Оның айтуынша, Мұхтар Шахановтың үш ұлы мен екі қызы бар. Солардың ішінде Рауан әкесіне ерекше жақын болған.

"Мұхаңның 3 ұл, 2 қызы бар ғой. Соның ішінде Мұхаңа ұлы Рауан өте жақын болды. Ол өзі жақсы күйші болатын еді. Мұхаң оған Романенконың домбырасын жасатқан еді", – деді Ханшайым Шаханова.

Ақынның жары Рауанның домбыра тартуға ерекше қабілетті болғанын айтты. Әкесі де ұлының өнерін жоғары бағалап, оның күйшілік жолды жалғастырғанын қалаған. Алайда Рауан кейін кәсіпкерлікке бет бұрған. Ханшайым Шаханованың сөзінше, Мұхтар Шаханов баласының бұл шешіміне байланысты алаңдаушылық білдірген.

"Бішкекте жүргенінде "осы балам кәсіпкерлікке кетіп жатыр, бірақ оның қолынан кәсіпкерлік келмейді. Жақсы күйші болатын еді" деген. Рауанымыз 2021 жылы қайтыс болды. Рауан әкесіне өте жақын бала еді", – деп еске алды ол.

Тэгтер:

мұхтар шаханов