Қалың тұманда 86 көлік соқтығысып, 12 адам қаза тапты

Бүгін, 10:26 / Альфия Адамбек
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Болгариядағы “Тракия” автомагистралінде ондаған көлік соқтығысып, 12 адам көз жұмды. Тағы ондаған адам жараланып, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Апат 10 қараша күні таңертең Ямбол облысындағы Зимница елді мекенінің маңында болған. Сол уақытта тасжолды қалың тұман басып, жүргізушілердің жолды көруі қиындаған.

Елдің Ішкі істер министрлігі таратқан мәліметке сәйкес, жолдың екі бағытында болған ірі апаттарға барлығы 86 көлік қатысқан. Соның 63-і Бургасқа, 23-і Софияға қарай бара жатқан.

Алдымен жүк көлігі мен жолаушылар автобусы соқтығысқан. Олардың артынан келе жатқан жүргізушілер тоқтап үлгермей, көліктер бірінен соң бірі соғылған. Қарсы бағытта да осындай апат болған.

Тергеушілер тұманнан бөлек, жүргізушілердің назарын жолдың арғы бетіндегі оқиғаға аударуы да соқтығысқа ықпал етуі мүмкін деген болжамды қарастырып жатыр. Апаттың нақты себебі әзірге анықталған жоқ.

Тэгтер:

көлік апат адам Болгария