Оңтүстік Кореяның Соннам қаласында жолаушылар автобусы бірден 32 көлікпен соқтығысып, ірі жол апаты болды. Салдарынан 48 адам зардап шекті, олардың алтауы ауыр жарақат алған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оқиға 11 қараша күні таңғы сағат 07:34 шамасында Сеул қаласының оңтүстігінде орналасқан Соннамда болған.
Жергілікті ақпарат құралдарының мәліметінше, таңғы қарбалас уақытта қала көшесімен келе жатқан автобус жол бойындағы бірнеше көлікті бірінен кейін бірін соққан. Автобустың тізгінінде жасы шамамен 60-тағы ер адам болған.
Апат кезінде автобус төрт қоғамдық көлікке, бір жүк көлігіне және 27 жеңіл автокөлікке соқтығысқан. Кейін жол жиегіндегі қоршауға барып тіреліп, тоқтаған.
Жергілікті билік өкілдерінің хабарлауынша, жол-көлік оқиғасынан барлығы 48 адам зардап шеккен. Олардың алтауы ауыр жарақат алған. Дегенмен дәрігерлердің мәліметінше, зардап шеккендердің өміріне тікелей қауіп төніп тұрған жоқ. Жол апаты болған жерде тиісті қызметтер жұмыс істеп, оқиғаның мән-жайын анықтауға кіріскен.
Апаттан кейін автобус жүргізушісі тексеруден өткізілген. Оның алкогольдік масаң күйде болмағаны анықталды. Ал жүргізушінің өзі жол апатына көліктің техникалық ақауы себеп болуы мүмкін екенін айтқан. Оның сөзінше, қозғалыс кезінде автобустың тежегіші істен шыққан. Алайда бұл мәлімет әзірге ресми түрде расталған жоқ.