Демалуға барған бір әулеттің 9 адамы тасқыннан қаза тапты

Бүгін, 13:08 / Альфия Адамбек
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Өзен жағасына демалуға барған бір әулеттің кемінде тоғыз мүшесін тасқын су алып кеткен. Балаларды құтқармақ болған туыстары да қатты ағысқа төтеп бере алмаған, деп хабарлайды Arasha.kz.

Қайғылы оқиға Пәкістанның Сват алқабында болған. Туыстар табиғат аясында демалып, өзен жағасында таңғы ас ішкен. Кейін балалар суретке түсу үшін суға жақындаған.

Осы кезде өзен суы кенет көтеріліп, балаларды ағызып әкеткен. Оларды құтқаруға ұмтылған жақындары да тасқынның ортасында қалған. Жергілікті биліктің мәліметінше, нөсер жауын өзен ағысын күшейткен.

Reuters сол күні жариялаған дерек бойынша, құтқарушылар тоғыз адамның денесін тапқан. Төрт адам аман құтқарылып, тағы төрт отбасы мүшесін іздеу жалғасқан. Қаза тапқандардың қаншасы бала, қаншасы ересек екені алғашқы хабарламада нақтыланбаған.

Іздеу жұмыстарына жергілікті тұрғындар мен 80-нен астам құтқарушы жұмылдырылған. Өңірдің төтенше жағдайлар қызметі су деңгейінің қауіпті межеге жеткенін ескертіп, тұрғындарды сақ болуға шақырған.

Тэгтер:

отбасы өзен адам тасқын