Әлемге әйгілі актер Стейси Кич қайтыс болды

Бүгін, 13:51 / Ахмет Қанатұлы
Стейси Кич. Фото: Rodin Eckenroth/Getty Images

Голливудтың танымал актері, «Борн ультиматумы» және «Майк Хаммер» туындыларындағы рөлдерімен белгілі Стейси Кич 85 жасында өмірден өтті. Қаралы хабарды актердің отбасы растады.

Америкалық актер 10 қараша күні Польшаның Магдаленка қаласындағы отбасылық үйінде қайтыс болған.

Марқұмның жұбайының айтуынша, Стейси Кич ұзақ уақыт бойы жүрек ауруымен күрескен. Оның өліміне ауыр жүрек дерті мен жүрек жеткіліксіздігі себеп болған.

Актердің жұбайы сүйікті жарын еске алып, оның отбасы үшін қаншалықты қымбат адам болғанын жеткізді.

«Стейси бүкіл әлемдегі көрермендер сүйсініп, жақсы көретін аңызға айналған актер ғана емес, менің сүйікті жарым, өмірлік серігім және отбасымыздың жүрегі болды», – делінген жұбайының мәлімдемесінде.

Стейси Кич қандай фильмдерге түскен?

Стейси Кич Голливудтағы ұзақ жылғы шығармашылық жолында ондаған фильм мен телехикаяда ойнаған.

Ол әсіресе «Жаңа Майк Хаммер» детективтік сериалындағы басты рөлі арқылы кеңінен танылды.

Сондай-ақ актер «Жирный город», «Борн ультиматумы», «Небраска» фильмдеріне түсіп, «Екі жарым адам», «Рэй Донован» және «Голубая кровь» телехикаяларында өнер көрсетті.

Бұдан бөлек, танымал «Симпсондар» анимациялық сериалын дыбыстауға қатысқан.

Актердің соңғы кинотуындысы 2025 жылы жарық көрген, Джордж Клуни басты рөлді сомдаған «Джей Келли» фильмі болды.

Стейси Кич кино саласымен қатар театр сахнасында да табысты еңбек етті.

Ол шығармашылық мансабында беделді «Эмми» және «Тони» сыйлықтарына ұсынылған.

Ал 2010 жылы Уильям Шекспирдің «Король Лир» қойылымындағы рөлі үшін Хелен Хейс атындағы театр сыйлығын иеленген.

Актердің өміріндегі қиын кезең

Стейси Кичтің өмірінде күрделі кезеңдер де болған.

1984 жылы актер Лондондағы Хитроу әуежайында кокаин сақтағаны үшін ұсталған.

Ол кінәсін мойындап, алты ай түрмеде отырған.

Кейін актер сұхбаттарының бірінде бұл кезеңді өміріндегі ең ауыр сынақтардың бірі ретінде сипаттаған.

Соған қарамастан, ол шығармашылық қызметін жалғастырып, кино мен театрда көптеген рөл сомдады.

Стейси Кич өмірінің соңғы жылдарына дейін өнерден қол үзбеген.

Марқұмның артында жұбайы, ұлы Шеннон, қызы Каролина және інісі Джеймс қалды.