Ғылым саласында 51 млрд теңгенің заңбұзушылығы анықталды: Саясат Нұрбек түсініктеме берді

Бүгін, 16:54 / Ахмет Қанатұлы
Саясат Нұрбек. Фото: facebook.com/sayasat

Қазақстанда ғылым саласына жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижесінде 51 миллиард теңгеге қаржылық заңбұзушылық анықталды. Бұдан бөлек, 47 миллиард теңге бюджет қаражаты тиімсіз жоспарланып, пайдаланылған. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек тексеру қорытындысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Жоғары аудиторлық палата ғылым саласындағы мемлекеттік қаражат пен активтердің жұмсалуына жүргізілген тексеру нәтижелерін жариялады.

Аудиторлар ғылыми жобаларды қаржыландыру барысында бірқатар кемшілікті анықтаған. Атап айтқанда, жалпы сомасы 51 миллиард теңгеге қаржылық бұзушылықтар тіркелген. Сонымен қатар 47 миллиард теңгенің тиімсіз жоспарланғаны және пайдаланылғаны белгілі болды. 

11 қарашада Құрылтайда өткен брифинг барысында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектен аудит қорытындысына қатысты түсініктеме сұралды. Министр тексеру кезінде анықталған кемшіліктерді мойындап, олардың бәрін жою үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Оның сөзінше, ғылыми зерттеулерге бөлінетін гранттар да мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылады. Сондықтан ғалымдар бұл қаражаттың тиімді әрі мақсатты жұмсалуына жауапты болуы тиіс.

"Мен сынға қалыпты қараймын. Онда жағдай бар. Ғалымдардың жауапкершілігін күшейте түсетін, жабылуға тиіс мәселелер бар. Ғалымдар бұл гранттық қаржыландыру екенін, бірақ сонымен бірге бюджет ақшасы екенін түсінуге тиіс. Қазақта: "Судың да сұрауы бар" деген жақсы мақал бар", – деді Саясат Нұрбек.

Саясат Нұрбек Жоғары аудиторлық палатаның барлық нұсқамасы орындалып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, кемшіліктерді жоюға 2027 жылға дейін уақыт берілген. Алайда министрлік бұл жұмысты мерзімінен бұрын, 2026 жылдың соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.

"Қазір ЖАП-тың барлық нұсқамасын өте нақты орындап жатырмыз. Мерзім 2027 жылға дейін болса да, барлық нұсқаманы биыл мерзімінен бұрын орындағымыз келеді. Уақыт күттірмейді", – деді министр.

Айта кетейік, мемлекеттік аудит барысында анықталған қаржылық заңбұзушылықтар мен қаражаттың тиімсіз пайдаланылуы бөлек көрсеткіштер ретінде тіркелген. Жоғары аудиторлық палата тексеру қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар беріп, анықталған кемшіліктерді жою жөнінде ұсыныстар енгізген. 

Министрлік енді осы нұсқамалардың орындалуын қамтамасыз етуі тиіс.

Тэгтер:

ғылым саясат нұрбек