Діни даудың салдары: қоғам сеніміне қарай жіктеле ме?

Бүгін, 20:23 / Камила Дүйсен
https://www.muftyat.kz/

Әдетте біз зайырлылықты адамның дін ұстану еркіндігімен байланыстырып жатамыз. Алайда осы қағидаттың мемлекетке қандай міндет жүктейтіні де маңызды. Сенімі әртүрлі азаматтардың құқығын бірдей қорғау, қоғамдағы татулықты сақтау және діни сенімнің саяси мүддеге пайдаланылуына жол бермеу іс жүзінде қалай ұштасады? Бұл сауалдың жауабы зайырлылықты жұртқа қалай түсіндіріп жүргенімізге де байланысты. Дін сарапшысы Балғабек Мырзаевпен әңгімемізді осы тақырыптан бастадық. Сұхбатта ол діни тақырыптағы дауларға неге алаңдайтынын айтып, мемлекеттің дін саласында атқарып жатқан жұмысына өз бағасын берді.

– Кейбір азаматтар зайырлылықты дінге қарсы ұстаным деп қабылдайды. Оның мәнін қарапайым тілмен қалай түсіндірер едіңіз?

– Қазақстан сияқты зайырлы мемлекетте дін мен мемлекеттің өзара құрметке негізделген қарым-қатынасы қоғамдағы татулық пен тұрақтылықты сақтауға бағытталған. Бұл қағида әр азаматтың ар-ождан бостандығын қамтамасыз етіп, ешбір діни сенімнің саяси құралға айналмауына мүмкіндік береді.

Қысқаша айтқанда, дін саясатқа үстемдік етпеуі де, саясат дінді өз мүддесіне пайдаланбауы да маңызды. Сонда ғана қоғамда дінаралық келісім, тұрақтылық және азаматтардың құқықтары сақталады.

– Қазақстандағы дін саясатының бүгінгі басты міндеті қандай?

– Мемлекеттің дін саласындағы саясатының басты міндеті – адамдардың дін ұстану еркіндігін қамтамасыз ете отырып, қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті сақтауға жағдай жасау болып табылады. Бұл үшін азаматтардың діни сауаттылығын арттыру, дәстүрлі рухани құндылықтарды нығайту және дінді саяси немесе экстремистік мақсатта пайдалануға жол бермеу бағытындағы жұмыстарды жетілдіріп отыру маңызды.

Мемлекет діни радикализмнің өршуіне қарсы жұмыстарды жүргізумен қатар, заңдардың, адам құқықтары мен бостандықтарының аяққа тапталуына қарсы жұмыстарды да қатар алып жүруі маңызды.

– Дінді саяси мақсатқа пайдалану қоғамға қандай қауіп төндіреді?

– Дінді саяси мақсатқа пайдалану қоғам үшін өте күрделі салдарға әкелуі мүмкін. Діннің негізгі мақсаты – адамды имандылыққа, әділдікке, мейірімге және бейбітшілікке тәрбиелеу. Ал оны билікке жетудің немесе саяси мүддені жүзеге асырудың құралына айналдыру көптеген қауіптер туғызады.

Әлеуметтік желілердегі діни тақырыптар төңірегіндегі талас-тартыстарды зерделеп қарасақ, қоғамның арасында жіктелу пайда болып келе жатқандай әсер қалдырады. Осы құбылыстың алдын алмаса, адамдар діни немесе саяси ұстанымына қарай бөліне бастайды. Бұл өз кезегінде бірлігімізге нұқсан келтіреді, дін ұстанушылардың өзара қатынасы әлсірейді және салдары араздыққа себеп болуы мүмкін.

Екінші жағынан, діннің беделіне нұқсан келуі мүмкін. Жекелеген діндарлардың, діни тұлғалардың қателіктері мен жанжалдары халықтың дінге деген сеніміне селкеу түсіруде. Мұның арты мемлекет тұрақтылығының бұзылуына, қоғамдық тәртіпке қауіп төндіруге апаруы да ықтимал. Нәтижесінде діни радикализмнің, экстремизм мен терроризм қаупін арттырады.

Сондықтан мемлекет адамдардың діни сезімін манипуляциялайтын, азаматтардың сенімін пайдаланып, өз мүдделеріне қызмет еткізуге тырысатын күштерге тосқауыл қою тетіктерін үнемі зерделеп, жетілдіріп отыруы қажет.

Негізінде, Құран да діни құндылықтарды уақытша пайда немесе жеке мүдде үшін пайдалануды насихаттамайды, құптамайды, оны да біле жүрген абзал.

– Зайырлылық қағидатын түсіндіруде қазір не жетіспейді?

– Әрине, жұмыстар белгілі бір деңгейде атқарылып жатыр, дегенмен әлі де жеткілікті деңгейде емес деп ойлаймын. Кейбір азаматтар зайырлылықты дінге қарсы ұстаным деп қате қабылдайды. Шын мәнінде, зайырлылық – мемлекеттің барлық діндерге бейтарап қарауы, азаматтардың діни сенім бостандығын тең қорғауы және заң үстемдігін қамтамасыз ету қағидаты. Осы мәнін халыққа қарапайым әрі түсінікті тілмен жүйелі түрде жеткізу қажет. Адамзат дамуының тарихи тәжірибесі мемлекеттің зайырлылық принципімен басқарылуы қоғамның ауызбіршілігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ететінін, білім мен ғылымның ілгерілеуіне жағдай жасайтынын дәлелдеді.

Тэгтер:

дін Балғабек Мырзаев Зайырлы діни тақырып