Көлікпен адам қаққан экс-депутат Базарбекке қатысты қылмыстық істі соңына дейін жеткізу қажет – саясаттанушы

Бүгін, 09:49 / Ахмет Қанатұлы
Бақытжан Базарбек. Фото: instagram.com/bakytzhan.bazarbek

Саясаттанушы Лилия Маньшина бұрынғы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасына қатысты қылмыстық істі заң талаптарына сәйкес соңына дейін жеткізу қажет екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Саясаттанушы кінәсі анықталған жағдайда депутаттық мәртебе, қоғам алдындағы еңбегі мен зардап шеккен адамға көрсеткен көмектің өзі жауапкершіліктен босатуға негіз болмауы тиіс екенін алға тартады. 

Маньшина 2026 жылғы 15 тамызда Жамбыл облысындағы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тасжолында Бақытжан Базарбектің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болғанын еске салды. Полицияның алдын ала мәліметінше, Toyota автокөлігі жолдың жүру бөлігінде тұрған ер адамды қағып кеткен. Апат салдарынан 36 жастағы Нұржігіт Қошанов ауыр жарақат алған. Зардап шеккен азамат 24 күн бойы комада жатып, 31 күн емделгеннен кейін одан әрі оңалту курсынан өту үшін ауруханадан шығарылған.

«Базарбек қоғамдық қызметтегі белсенділігімен, заңсыз құрылысқа қарсы күресімен және азаматтардың жер құқықтарын қорғауымен танымал, алайда бұрынғы еңбегі жол-көлік оқиғасына қатысты тергеудің объективті жүргізілуіне еш әсер етпеуі керек», – дейді ол.

Сонымен қатар Маньшина бұрынғы депутаттың зардап шеккен азаматтың туыстарымен байланысын үзбей, оның еміне көмектесіп жүргенін оң бағалады. Дегенмен ол болған оқиғаға құқықтық баға тараптардың татуласуына қарамастан берілуі керек деген сенімде.

«Ауыр жол-көлік оқиғасын тараптардың өзара келісімімен реттеуге болатын қарапайым түсініспеушілік ретінде көрсетуге болмайды», – деді саясаттанушы.

Өз сөзінде Маньшина ауыл әкімі Әлия Бахтиярова мен аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмоновтың бұрынғы жұбайы Гүлайым Рахмоноваға қатысты екі бірдей істі мысал ретінде келтірді. Екеуінде де жәбірленушілер мен мұндай жағдайға жол берген тараптартың татуласқанына қарамай сот адам өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғалары бойынша айыптау үкімдерін шығарған. Саясаттанушының пікірінше, бұл мысалдар тараптардың татуласуы қылмыстық жауапкершіліктен босатуға өздігінен кепіл бола алмайтынын көрсетеді.

Сондай-ақ, саясаттанушы Базарбек қатысқан жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалғанына назар аударды. Ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеханың мәлімдемесіне сәйкес, 22 қыркүйектегі жағдай бойынша тергеу жалғасып жатыр, ал іс материалдары әлі сотқа жолданбаған.

Оның айтуынша, тергеу органдары жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайын анықтап, заң аясында тиісті процессуалдық шешім қабылдауға міндетті.

«Заң қарапайым азаматтарға қандай қатаң болса, тура солай барлығына бірдей қатаң болуы тиіс. Ол ешкімді бөліп-жармауы керек. Әйтпесе, бұл заң үстемдігі емес, таңдаулыларға берілген артықшылық болып шығады», – деп түйіндеді саясаттанушы.

Тэгтер:

Бақытжан Базарбек