Дональд Трамп Кубаға қарсы әскери операция жүргізуі мүмкін екенін мәлімдеді

Бүгін, 10:31 / Ахмет Қанатұлы
Дональд Трамп. Фото: Chip Somodevilla/Getty Images

АҚШ президенті Дональд Трамп Кубаға қарсы әскери күш қолдану мүмкіндігін жоққа шығармады. Ақ үй басшысы президенттік өкілеттігі аяқталғанға дейін Куба мәселесін шешкісі келетінін айтып, Вашингтонның аралдағы жағдайды мұқият бақылап отырғанын жеткізді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Дональд Трамп бұл туралы америкалық журналист Хью Хьюитке берген сұхбатында айтты. Әңгіме барысында АҚШ-тың Кубаға қатысты саясаты және аралдағы жағдайды өзгерту мүмкіндіктері талқыланды.

Америка президенті Куба мәселесін өз билігі тұсында шешуге ниетті екенін жасырмады.

"Мен қызметімнен кеткенге дейін Куба мәселесін шешкім келеді", – деді Трамп.

Оның айтуынша, АҚШ әкімшілігі Кубадағы ахуалды жіті қадағалап отыр. Трамп арал мемлекетінің қазіргі жағдайын сынға алып, ондағы саяси және экономикалық мәселелерге назар аударды. Сондай-ақ ол АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың Куба мәселесіне ерекше қызығушылық танытып отырғанын жеткізді.

Трамптың сөзінше, Рубионың ата-анасы Кубадан шыққан. Сондықтан мемлекеттік хатшы аралдағы жағдайдың өзгеруіне мүдделі. Сұхбат барысында журналист АҚШ президентінен Кубаға қатысты әскери операция жүргізуге дайын немесе дайын емес екенін сұрады.

"Мен, сөзсіз, мұндай нұсқаны қарастырар едім", – деп жауап берді Дональд Трамп.

Осылайша, Ақ үй басшысы Куба мәселесін шешу үшін әскери күш қолдану ықтималдығын толық жоққа шығармайтынын білдірді. Дегенмен АҚШ президенті нақты әскери операция өткізу туралы шешім қабылданғанын немесе оның қашан басталуы мүмкін екенін мәлімдеген жоқ.

Бұған дейін де Дональд Трамп Куба билігіне қатысты қатаң мәлімдемелер жасаған болатын. Атап айтқанда, ол Ирандағы әскери операциялар аяқталғаннан кейін Вашингтон Куба мәселесіне назар аударатынын айтқан.

Ал Куба президенті Мигель Диас-Канель АҚШ тарапынан жасалған мәлімдемелерге жауап беріп, елінің соғысты қаламайтынын жеткізген. Сонымен бірге ол Кубаның ықтимал әскери қауіп-қатерге дайындалып жатқанын мәлімдеген.

Қазіргі уақытта АҚШ пен Куба арасындағы қарым-қатынасқа қатысты пікірталастар жалғасып жатыр.

Тэгтер:

президент АҚШ Дональд Трамп