Португалиялық футбол жұлдызы Криштиану Роналду кино және телевизия саласындағы жаңа жобасын қолға алды. Ол британиялық режиссер Мэттью Вонмен бірлесіп, «Day 1s» атты телесериал түсіруге кіріскенін хабарлады, деп жазады Arasha.kz.
Криштиану Роналду жаңа жобасы туралы Instagram желісіндегі жеке парақшасында мәлімдеді. Футболшының айтуынша, сериалдың өндірістік жұмыстары басталған.
«Керемет жаңалық! Менің алғашқы Day 1s телесериалымның өндірісі басталды. Жақында толығырақ ақпарат жариялаймыз», – деп жазды Роналду.
Футболшы жариялаған жазбада белгілі британиялық актер Дэмиан Льюис пен рэпер Дейвтің суреттері көрсетілген. Сондай-ақ Англия Премьер-лигасында өнер көрсететін «Брентфорд» футбол клубының киім ауыстыратын бөлмесінде түсірілген кадрлар жарияланған.
Британдық The Sun басылымының мәліметінше, жаңа телесериалдың оқиғасы Ұлыбританиядағы футбол агентінің өмірі төңірегінде өрбиді.
Басты рөлді «Отан» (Homeland) телесериалы арқылы кеңінен танылған актер Дэмиан Льюис сомдайды. Жобаның идеясы бұрын атақты француз футболшысы Тьерри Анридің агенті болған Даррен Дейнге тиесілі екені айтылды. Сонымен қатар оның сериалдың кейбір көріністеріне қатысуы мүмкін. Криштиану Роналду жаңа тележобада атқарушы продюсер міндетін атқарады. Бұған қоса, футбол жұлдызының сериалдың жекелеген эпизодтарында көріну ықтималдығы да бар. Дегенмен Роналдудың актер ретінде қатысатыны әзірге ресми расталған жоқ.
Роналду Голливудтың танымал режиссерімен компания құрған
«Day 1s» телесериалы Криштиану Роналду мен британиялық режиссер Мэттью Вонның бірлескен шығармашылық жобаларының бірі болмақ.
Екеуі 2025 жылдың сәуірінде UR·MARV Studios атты киноөндіріс компаниясын құрған. Мэттью Вон әлемдік көрерменге «Kingsman» және «Kick-Ass» фильмдері арқылы танымал. Ол экшн жанрындағы туындыларымен Голливудтағы белгілі режиссерлердің қатарына енген.
Жаңа компания кино мен телевизия саласында бірнеше жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Солардың бірі – «Stuntnuts» фильмі. Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, бұл туындыға Голливудтың танымал актерлері Мэтт Деймон мен Крис Хемсворт қатысуы мүмкін.