Ақтөбедегі кафеде болған жарылыс: Қылмыстық іс қозғалып, жаңа мәліметтер жарияланды

Бүгін, 12:41 / Ахмет Қанатұлы
instagram.com/Aqtobe_akimat

Ақтөбеде бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан кафеде болған жарылысқа байланысты қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала мәлімет бойынша, оқиғаға ғимарат ішінде жиналған газ-ауа қоспасының жарылуы себеп болуы мүмкін, деп хабарлайды Arasha.kz.

13 қарашада Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет жарылыс болған жерге барып, жағдаймен танысты. Қала басшысы оқиға салдарынан зардап шеккен тұрғындарға қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеді. Әкімдіктің Instagram желісіндегі ресми парақшасында Азамат Бекеттің оқиға орнында жүрген сәтінен бейнежазба жарияланды.

Қала әкімінің айтуынша, қазіргі уақытта жауапты мамандар тұрғындармен кездесіп, оларға қандай көмек қажет екенін анықтап жатыр.

"Үй тұрғындарынан қазір мамандарымыз қандай көмек қажет екенін сұрап, анықтап жатыр. Оқиғаның себептері мен мән-жайын Төтенше жағдайлар департаменті және құқық қорғау органдары анықтайды. Кінәлі тұлғалар да белгіленетін болады. Әкімдік тарапынан қажетті көмек көрсетіледі. Сонымен қатар көше бойын тазалау жұмыстары жүргізіледі", – деді Азамат Бекет.

Жарылысқа қатысты жаңа мәліметтерді Ақтөбе қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Данабек Иманғазин де жариялады.

"Мой город" басылымының хабарлауынша, жарылыс болған қоғамдық тамақтану орнында газ баллоны болмаған. Кафе орталықтандырылған табиғи газ жүйесіне қосылған. Алдын ала болжам бойынша, ғимарат ішінде газ-ауа қоспасы жиналып, кейін жарылған. Қатты жарылыс салдарынан ғимараттың кейбір қабырғалары мен көшеге қараған жапсарлас құрылыстың бір бөлігі құлаған. Бұдан кейін өрт шыққан.

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 292-бабының 2-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап абайсызда ауыр зардаптарға әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзуға қатысты жауапкершілікті қарастырады. Қазір құзырлы органдар жарылыстың нақты себебін анықтап, оқиғаның барлық мән-жайын тексеріп жатыр.

Еске салайық, төтенше жағдай 13 қараша күні сағат 10:28 шамасында Ақтөбе қаласындағы Тәуелсіздік даңғылы, 14/1 мекенжайында болған. Бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан кафеде газ-ауа қоспасы жарылып, салдарынан жапсарлас салынған құрылыс құлаған және өрт шыққан.

Жарылыс толқынынан ғимараттың терезе жақтаулары да зақымданған. Оқиға кезінде екі адам жарақат алып, №1 қалалық көпсалалы ауруханаға жеткізілді.