Астанада автобус жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан баланы қағып кетті

Бүгін, 13:43 / Ахмет Қанатұлы
Фото: pixabay.com

Астанада қоғамдық көлік жүргізушісі жаяу жүргіншілер өткелінде кәмелетке толмаған баланы қағып кетті. Жол апатынан зардап шеккен бала ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Оқиға 13 қарашада елорданың Молдағалиев көшесінде болған. Астана қалалық полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасына Yutong маркалы қоғамдық автобус қатысқан. Алдын ала ақпарат бойынша, автобус Молдағалиев көшесімен келе жатқанда реттелетін жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан баланы соққан.

Полицияның хабарлауынша, кәмелетке толмаған жаяу жүргінші бағдаршамның тыйым салатын қызыл түсіне қарамастан жолды кесіп өтпек болған.

«Yutong маркалы автобустың жүргізушісі Молдағалиев көшесімен келе жатып, реттелетін жаяу жүргіншілер өткелінде жолдың жүру бөлігінен бағдаршамның тыйым салынған сигналына қарамастан өтіп бара жатқан кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіні қақты», – деп хабарлады полиция.

Жол апатынан кейін оқиға орнына тиісті қызмет мамандары шақырылған. Зардап шеккен бала медициналық мекемеге жеткізілді.