Қазақ телевизиясының алғашқы дикторларының бірі, «Қазақ дикторларының анасы» атанған Зұлқия Мұқанқызы Жұматова 106 жасында дүниеден өтті, деп хабарлайды Arasha.kz.
Зұлқия Мұқанқызы 1920 жылы 20 ақпанда Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген. Ол саналы ғұмырын қазақ телевизиясының дамуына арнап, ұлттық телехабар тарату ісінің қалыптасуына елеулі үлес қосты.
1958 жылы Алматы телестудиясы ашылған кезде дикторлық қызметке арнайы байқау жарияланған. Аталған іріктеуге 750 үміткер қатысып, олардың арасынан Зұлқия Жұматова үздік шыққан. Осылайша, ол қазақ телевизиясының алғашқы кәсіби дикторларының бірі атанып, отандық телевизия тарихында өз қолтаңбасын қалдырды.
Зұлқия Мұқанқызы 1958-1970 жылдар аралығында Қазақ телевизиясында қызмет етті. Ол теледидар енді ғана дамып келе жатқан кезеңде көгілдір экран арқылы көрерменге ақпарат жеткізіп, қазақ тіліндегі хабар тарату ісінің дамуына атсалысты.
Көпжылдық еңбегі мен кәсіби тәжірибесінің арқасында Зұлқия Жұматова «Қазақ дикторларының анасы» деген құрметті атқа ие болды.
2026 жылдың маусым айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Зұлқия Мұқанқызын отандық журналистика мен телевизия саласына сіңірген еңбегі үшін «Құрмет» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдағанын мәлімдеген еді.